×

Президент Ұлттық банктің жылдық есебін қабылдады

Былтыр жалпы экономикаға бөлінген несие 21,7 пайызға өсті

 

 Динара Амантай 16.05.2023 | 13:03
Фото: akorda.kz

Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Ұлттық банктің 2022 жылы атқарған қызметі туралы есеп берілді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Іс-шараға Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов, Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов, премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров қатысты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа 2022 жылғы ақша-несие саясатының іске асу нәтижелері, қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету шаралары, сондай-ақ Ұлттық банктің алтын-валюта қоры мен Ұлттық қор активтерінің жай-күйі баяндалды.

Президентке өткен жылдың қорытындысы бойынша экономиканы долларлау көрсеткіші 31,6 пайыз азайғаны, екінші деңгейлі банктердің экономикаға несие бөлу көлемінің 23,3 пайыз артып, 22,8 триллион теңгеге дейін жеткені, соның ішінде бизнеске берілген несиенің 13,9 пайыз өсіп, 9,6 триллион теңге болғаны жөнінде мәлімет берілді. Жалпы экономикаға бөлінген несие 2022 жылы 21,7 пайыз өсті. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша, оның көлемі 28,9 триллион теңге болды. 

Ұлттық банктің дерегі бойынша былтыр жалпы халықаралық резервтер 1,2 миллиард долларға көбейіп, 90,8 миллиард долларға жетті. Соның ішінде алтын-валюта қоры – 35,1 миллиард доллар, Ұлттық қор активтері – 55,7 миллиард доллар. 2014 жылы біріктірілген уақыттан бері БЗЖҚ зейнетақы активтері кірісінің жылдық мөлшері 9,33 пайыз болды.

Ұлттық банктің мәліметінше, Fitch Ratings және S&P Global Ratings халықаралық рейтинг агенттіктері Қазақстанның «ВВВ» деңгейіндегі дербес рейтингіне қатысты «тұрақты» деген болжамды растады.

Мемлекет басшысының айтуынша, инфляция, макроэкономикалық және энергетикалық тұрақсыздық әлі де экономиканың негізгі түйткілдері ретінде сақталып отыр.

Халықаралық ұйымдар Халықаралық валюта қорының бағалауы бойынша жаһандық өсім 2021 жылғы 6,2 пайыздан 3,4 пайызға дейін айтарлықтай бәсеңдейтінін және баға қысымы күшейетінін болжап отыр. Мұның бәрі еліміздің экономикалық дамуына әсер етеді, сондай-ақ Үкімет пен Ұлттық банкке және басқа да мемлекеттік органдарға анағұрлым үйлесімді әрі тиімді жұмыс жүргізу қажет екенін білдіреді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Талқылау қорытындысы бойынша президент жылдық есепті мақұлдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама