×

Қазақстандықтардың цифрландырудан көңілі қала бастады – Смышляева

Барлық бала қосымша білім алуға құқылы

 Дәурен Ерболат 15.05.2023 | 16:25
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева Үкіметтің жұмысын сынға алып, қазақстандықтардың цифрландырудан көңілі қала бастағанын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдады. Оның айтуынша, AMANAT партиясы бағдарламасының міндеттерінің бірі – балалардың қосымша білім беру қызметіне қолжетімділігін қамтамасыз ету. Бұл мүмкіндік жан басына шаққандағы қаржыландыруы есебінен қамтамасыз етілуі керек еді.

Алайда бұл мүмкіндікті іске асырудың тиісті механизмі әлі табылмады. ArtSport-қа қатысты жанжал әлі басылған жоқ, ал жаңа цифрлық құралдар таңғалдырады. Ата-аналар арасында орындарды бөлу «жылдамдық» бойынша жүріп жатыр. Мысалы, Алматы порталындағы орындар 40 секундта таусылған. Ашығын айтқанда, Үкімет мұндай «әділ» және заманауи тәсілді өте жиі және әртүрлі салаларда қолданады. Әсіресе, барлығына бір нәрсе жетіспей жатқанда, - деді Екатерина Смышляева Мәжілістің жалпы отырысында.

«Цифрландырудың» алғашқы құрбаны отандық фермерлер болған.

Құжаттарды беру жылдамдығы негізінде субсидиялар бөлінді. Осылайша, бөлінген ақша өте тез таусылып қалды. Ауыл шаруашылығы рекордын Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жеңілдетілген автонесие бағдарламасы арқылы жаңартты. Мұнда көлік алу үшін күрес 18 секундта аяқталды. Осылайша, үлгермегендерге ештеңе бұйырмады, - деді депутат.

Бүгінде бұл тәсіл әлеуметтік салаға да жеткен. Онда ұйымдастыруға қатысты мәселелер бар:

  • Біріншіден, балалар контингентін есепке алмауға байланысты нақты қажеттілікті жете бағаламау. Мысалы, екі әкімшінің (Оқу-ағарту, Мәдениет және спорт министрліктері) бір уақытта қызмет көрсетуі әрі қызмет түрлерінің қайталануы, қызметті алатындардың толық есепке алынбауы. Бірыңғай электронды кезектің болмауы, жүйелердің толық интеграциясының жоқтығы.
  • Екіншіден, тапсырыс көлемі өңірлер бойынша және өңірлердің ішінде біркелкі бөлінбейді. Облыстар бойынша көлем жергілікті бюджеттің мүмкіндігіне байланысты. Алайда әрбір кішкентай қазақстандық қосымша білім алуға құқылы.
  • Үшіншіден, жұмысты қызмет көрсетушілердің біркелкі бөлінбеуі қиындатып отыр. Сондықтан ауылдарда олар жеткіліксіз, ал мемлекеттік ұйымдардың спорттық және шығармашылық тапсырыс бойынша қызмет көрсетуге қатысуы шектеулі.
  • Төртіншіден, бүгінде (кезекті) бөлу жүйесінде іріктеудің қандай да бір критерийі, кезектілігі, сабақ түрлері бойынша шектеу жоқ. Мұнда кездейсоқ іріктеу тетігі де іске асырылмайды. Басты критерий – пернетақтаны тез басу.

Осылайша, ақауы бар бизнес процестеріндегі цифрландыру кезекті, көлікті немесе ақша тапшылығын шешпейді. Ашықтық пен қолжетімділіктің орнына сенімсіздік, әділетсіздік және көңіл толмаушылық туындайды, - деді ол.

Екатерина Смышляева жоғарыда айтылғандарды ескеріп, жан басына шаққандағы қаржыландыруды бөлу тәсілін өзгерту қажет деп санайды.

Ол үшін төмендегі ұсынысқа назар аударған жөн:

  • Бір жауапты мемлекеттік органды анықтап, қосымша білім беру қызметтерін көрсетудің бизнес процесін қайта қарау;
  • Бірыңғай тәсілді енгізу. Жан басына шаққандағы қаржыландыру меншік нысанына қарамастан барлық білім беру ұйымы үшін бірыңғай тарифпен жұмыс істеуге тиіс;
  • Оқу-ағарту министрлігінің ақпараттық базасында есепке алудың бірыңғай электронды кезегін құру;
  • Балалардың жекелеген санаты үшін орынды бөлу кезегінің критерийін анықтау;
  • Кездейсоқ іріктеу механизмін қамтамасыз ету, бірақ барлық өтінімді міндетті түрде тіркеу;
  • Балалардың қосымша білім беру қызметін алуға тең қолжетімділігін қамтамасыз ету.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама