×

Алматыда барыс муралын Coca Cola жарнамасына ауыстырған әкімдік сынға ілікті

Бұл жарнамалық мурал үшін Coca Cola ай сайын қала бюджетіне 690 мың теңге төлейді

 Еркеғали Болатұлы 14.05.2023 | 09:00
фото: ашық дереккөз

Алматы қаласының тұрғындары Абылай хан даңғылы, 59/61 үй қабырғасындағы барыс муралының орнына Coca-Cola-ның жарнамалық суреті салынғанына наразы. Алайда қабырғаға жарнама орналастыруға әкімдік тарапынан рұқсат берілген.

Барыс енді жоқ. Әкімдік барлығы келісілгенін және бұл арқылы олар әлдеқайда жақсы табыс табатынын хабарлайды. Әкімдікке мұнымен тоқтап қалмауды және барысты кола бөтелкесіне, тіпті елтаңбаға ауыстыруды ұсынамын. Осылайша бұдан да көп ақша табуға болатынына күмәнім жоқ, - деп жазды Facebook-тегі парақшасына фотограф Вячеслав Фурсов.

Бұл жарнамалық мурал үшін Coca Cola ай сайын қала бюджетіне 200 АЕК, яғни 690 мың теңге төлейді. Бұған қатысты компанияның өзі мәлімдеме жасады.

Біз муралға қатысты жұртшылықтың пікірін естиміз. Осы жағдайды шешу үшін шаралар қабылдайтынымызды хабарлаймыз. Нәтижелері міндетті түрде айтылады. Шыдамдылықтарыңызға рахмет, – делінген хабарламада.

Алматы қаласының әкімдігі де муралды ауыстыруға қатысты түсінік берді. Айтуларынша, оны ауыстыруға «Орман» тұрғын үй пәтер иелері кооперативі бастамашы болып, үйдің тұрғындарынан келісім алған.

5 мамыр күні қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасы 70 шаршы метрлік жарнамалық муралды орналастыру туралы хабарламаны тіркеді. Тапсырыс беруші компания бұл жарнаманы заңдастыру үшін басқармаға барлық қажетті құжатты ұсынды. Хабарламаны тіркеуден бас тартуға негіз болған жоқ. Себебі эскиз ҚР жарнама саласындағы заңнаманың талаптарына толық сай болды, - деп мәлімдеді әкімдік.

Еске сала кетсек, қала орталығындағы барыстың бейнесі 2017 жылы пайда болған еді. Оны «Балалар бейбітшілікті бейнелейді» қоғамдық қоры мен Алмалы аудандық әкімдігі жасаған. Барыс Алматы сиволы деп саналады және ол мурал 2 жыл бұрын ең үздік граффити деп танылған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама