×

Шымкентте көкпардан жастар арасындағы ел чемпионаты аяқталды

Додаға еліміздің әр өңірінен 17 команда қатысты

 Халық үні 11.05.2023 | 18:18
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығының баспасөз қызметі

Шымкентте осыдан 1 апта бұрын басталған көкпардан жастар арасындағы Қазақстан чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық спорт қауымдастығы баспасөз қызметінің мәліметінше, додаға еліміздің әр өңірінен 17 команда қатысқан.

Жарыстың жабылу салтанатына «Көкпар» федерациясының президенті Бауыржан Исабаев арнайы қатысып, жүлдегер жас шабандоздарды жеңістерімен құттықтап, алда өтетін жарыстарға сәттілік тіледі.

Аламан доданың ақтық сынында Түркістан облысының «Тұран» командасы мен Жамбыл облысының «Әулие ата» командасы кездесті. Жамбылдық шабандоздар қарсыластарын 13:4 есебімен жеңіп, Қазақстанның чемпиондары атанды.

Ал, чемпионаттың қола жүлдесіне Шымкент қаласы мен Атырау облысының командалары таласты. Шымкенттік команда атыраулықтарды 6:1 есебімен жеңіп, «үздік үштікті» қортындылады.

Жарыс жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар, арнайы кубок және медальдар мен дипломдар табысталды.

Айта кетейік, аталмыш чемпионатты Ұлттық спорт қауымдастығы мен «Көкпар» федерациясы ұйымдастырды. Ал, жарыстың бас серіктесі – «Самұрық Қазына» АҚ мен «Sport Qory» спортты қолдау қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама