×

«Төрт тұрғын үй жанып кетті»: Петропавлда алапат өрт шықты (ВИДЕО)

Қатты желдің салдарынан лаулаған от жақын маңдағы үйлерге жеткен

 Халық үні 07.05.2023 | 21:58

Петропавлдың маңында қамыс жанып жатыр. Лапылдаған от көшеге кіріп, 4 тұрғын үй жанып кетті. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп жатыр, деп хабарлайды облыстық төтенше жағдайлар департаменті. 

Солтүстік Қазақстан облысы төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгін сағат 18.57 минут кеткенде Петропавлдағы 5-Сенная көшесіндегі ашық алаңда қураған қамыс жанып жатқаны жөнінде хабар түскен.

Желдің екпіні секундына 23 метрге дейін жеткендіктен, өртке 4-ші қауіпсіздік деңгейі берілді.

Оқиға орнынан 40 адам, соның ішінде 9 бала қауіпсіз жерге шығарылды. Әзірге қамыстың неден тұтанғаны белгісіз.

«Қатты желдің салдарынан лаулаған от жақын маңдағы үйлерге жетіп, 4 баспана жанып кетті. Тұрғындарды қауіпсіз жерге шығарып үлгерді. Зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ. Өрт әзірге ауыздықталған жоқ», - деді департаменттің баспасөз қызметіндегілер.

Өртпен күреске СҚО ТЖД 13 техникасы мен жеке құрамнан 73 адам жұмылдырылды.

Сондай-ақ теміржолдан 4 қызметкер мен бір техника, полиция департаментінен 50 қызметкер мен 9 техника, жергілікті атқарушы биліктен 10 адам және 5 техника өртті сөндіріп жатыр.

Әлеуметтік желіде тұрғындар өртті түсіріп, бөлісіп жатыр.

Петропавл қалалық әкімдігінің мәліметінше, № 25 орта мектепте эвакуациялық пункт ашылған. 55-10-10, 52-27-25 телефон нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істейді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама