×

Атырау облысында концлагерь тұтқынына 1 миллион теңге беріледі

Сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан 1 130 адамға мереке күндері 150 мың теңгеден берілмек

 Динара Амантай 04.05.2023 | 11:17
Фото: PIXABAY.COM

Ұлы Жеңістің 78 жылдығына орай тыл еңбеккерлеріне және соғыс зардабын тартқандар мен олардың екінші рет некеге тұрмаған жесірлеріне жергілікті бюджеттен бір жолғы ақшалай көмек көрсетіледі. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетов баспасөз мәслихатында мәлім етті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«Қазір облыста Ұлы Отан соғысының ардагерлері жоқ. Әйтсе де ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерімен және медальдарымен наградталған 29 ардагерге 100 мың теңгеден бір жолғы ақшалай көмек беріледі. Ал ай сайын 10 мың теңге жәрдемақы төленіп отыр. Сонымен қатар 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемiнде 6 ай жұмыс iстеген және ҰОС жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мiнсiз әскери қызметі үшін бұрынғы КСРО-ның ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған 1 157 адамға 30 мың теңге біржолғы ақшалай көмек беріліп келеді.

Сондай-ақ соғыс кезеңiнде фашистер мен олардың одақтастары құрған мәжбүрлеп ұстау орындарындағы кәмелетке толмаған тұтқындар қатарында болған бір адамға 1 млн теңге төленеді. Оған қоса, облыста ҰОС-да қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша ҰОС-ның мүгедектеріне теңестiрiлген адамдардың екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы санатында 25 адам бар. Оларға да 30 мың теңге біржолғы ақшалай көмек тағайындалады, – деді Азамат Мәмбетов.

Басқарма басшысының айтуынша, ІІ Дүниежүзілік соғыс еңбеккерлерінен бөлек, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарына қатысқан 1 130 адамға мереке күндері 150 мың теңгеден берілмек.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама