×

Қазақстанда жолдарды жөндеу маусымы басталды

Құрылыс жұмыстарына 12 мың маман мен 8 мың арнайы техника жұмылдырылды

 Динара Амантай 04.05.2023 | 09:35
Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі

Елімізде барлық республикалық маңыздағы автожолдар желісінде құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, елімізде жалпы ұзындығы шамамен 7 мың шақырым болатын республикалық тасжолдардың 206 учаскесі құрылыспен, реконструкциямен, күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен қамтылған. Жол нысандарының бір бөлігі биыл аяқталса, екінші бөлігі өтпелі жол нысандарының қатарына жатады. Жалпы, құрылыс жұмыстарына 12 мың маман мен 8 мың арнайы техника жұмылдырылды.

Павлодар облысындағы Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысымен айналысатын мердігер ұйым анықталды. Мамандар дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Жаңа көпірді салу барысында қолданылатын құрылыс материалдарының 95 пайызы отандық материалдар болмақ. Құрылыстың жалпы ұзақтығы – 39 ай.

Биылғы жол құрылысы маусымында жолшылар Солтүстік Қазақстан облысындағы А-13 «Көкшетау – Кішкенекөл – Омбы» тасжолының проблемалық бөлігін күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтиды. Ал Жамбыл облысындағы «Меркі – Бұрылбайтал» тасжолының тағы 2 учаскесінде қайта жаңарту жұмыстарын аяқтау көзделген. Қарағанды облысында Баянауыл мен Қарқаралыға апаратын жол учаскелерінде жөндеу жұмыстары басталып кетті. Қостанай облысындағы А-22 «Қарабұтақ – Қостанай» тасжолында да мамандар қайта жаңарту жұмыстарын аяқтайды. Сондай-ақ жолшылар Ақтөбе және Атырау облыстарын байланыстыратын «Қандыағаш – Мақат» автожолында қайта жаңарту жұмыстарын аяқтауды көздеп отыр.

Сонымен қатар биыл соңғы жылдарда қолға алынған ауқымды құрылыс нысандарында да жұмыстар жалғасып жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама