×

«Мұнай таусылады». Депутат жаңа ұлттық бағдарлама әзірлеуді ұсынды

Еліміздегі көрсеткіш төмен деңгейде

 Дәурен Ерболат 03.05.2023 | 17:35
Фото: ИА PrimaMedia

Қазақстанда адами капиталды дамытудың ұлттық бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Олжас Құспеков айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министр Әлихан Смайыловқа жолдады. Оның пікірінше, бүгінде адами капиталды кез келген елде тұрақты экономикалық өсудің негізгі драйвері болып саналады.

Дүниежүзілік банктің мәліметінше, дамыған елдердегі ұлттық байлықтың 70%-ы адами капитал болса, қалған 30%-ы – табиғи және өнеркәсіптік ресурстар. Батыс Еуропада адами капиталдың үлесі –70-80%. Қазақстанда бұл көрсеткіш – 40%, - деді депутат Мәжілістің жалпы отырысында.

БҰҰ жариялаған Адам дамуы индексі бойынша Қазақстан 191 мемлекеттің арасында 56-орынға ғана (2021 жылғы дерек) ие болды. 2018 жылдан бері көрсеткіш төмендеп келеді.

Олжас Құспеков бүгінде елімізде адами капиталды дамытуға қатысты ортақ көзқарастың жоқтығын жеткізді. Саланы реттейтін бірыңғай стратегиялық бағдарламалық құжат та әзірленбеген.

Болашақта мұнай мен басқа да пайдалы қазбалар таусылады. Сондықтан Үкімет білім беруді, кәсіптік оқытуды және әлеуметтік саланы дамыту стратегиясын жоғары білікті жұмыс күшін қалыптастыру бағытын өзгертуі керек.

Әлемдік тәжірибеде адамдарға инвестиция тамақтанудың, медициналық көмектің сапасын арттыру, сапалы білім беру, жұмыс орындарын құру және кәсіби біліктілікті арттыру арқылы жүзеге асады.

Адами капиталды құруда ең жоғары жетістіктерге қол жеткізген елдер тұрақты күш-жігерде, министрлікаралық үйлестіруді орнатуда және стратегиялар мен бағдарламаларды дайындауда табысты болды. Осыған байланысты адами капиталды дамытудың ұлттық бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын, - деді ол.

Депутат жаңа бағдарлама адами капиталдың барлық құрамдас бөлігін (бала тәрбиесі, мамандардың біліктілігін арттыру, отандық білім беруді дамыту, денсаулық, басқа да медициналық көрсеткіштер мен еңбек жағдайын жақсарту) қамтуы керек деген ұстанымда.

Құжатта сандық көрсеткіштер мен нақты шаралар болуға тиіс. Осыған байланысты алға қойылған міндеттерді жүзеге асыруда ведомствоаралық байланысты күшейту қажет, - деп түйіндеді сөзін Олжас Құспеков.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама