×

Қазақстандықтар елде құрастырылған көлікті де ала алмай отыр – депутат

Бағасы сапасына сай келмейді

 Дәурен Ерболат 03.05.2023 | 14:55
Фото: azh.kz

Қазақстанда тұрғындар ескі көлікпен жүруге мәжбүр. Тіпті, олар отандық автомобильдерді ала алмай отыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубай айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол депутаттық сауалын премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға жолдады.

«Мәселе еліміздің аумағына 2022 жылғы 1 қыркүйектен кейін кірген 80 мыңға жуық көліктің тағдырына байланысты. Қарапайым халық шетелден, яғни шетелдік тіркеуі бар көліктерді неге алып жатыр? Өйткені ол машиналардың жылы жаңа, сапасы жоғары, оған қоса бағасы жағынан да тиімді.

Қазақстанда 30 жыл жүрген ескі көліктің бағасы шарықтап тұр. Мысалы, екі-үш жыл бұрын Toyota Camry-20 көлігі 2 млн теңге тұрса, қазір 4 млн теңгеге жетті. Елде «Тойота алсаң – өзіңе салған инвестиция» деп біледі. Себебі сатып алған ескі көлік жыл өткен сайын қымбаттап жатыр. Ал өзімізден құрастырылып шыққан автокөліктер қарапайым азаматтарға қолжетімсіз, бағасы сапасына сай келмейді.

Шетелден ресми түрде сатып алайын десе, утилизациялық алым мен бастапқы тіркеу алымы мөлшерлемесінің құны көлік бағасынан да асып жатыр», - деді Наурыз Сайлаубай Мәжілістің жалпы отырысында.

Сондықтан қазақстандықтар көрші елдерден көліктерді кіргізіп жатыр. Олардың саны күн сайын артып, алдағы уақытта тағы үлкен мәселеге әкеп соғуы әбден мүмкін.

Осыған қатысты депутат Роман Склярға төмендегі сұрақтарға жауап беруді сұрады:

  • 2022 жылғы 1 қыркүйекте бастап, шетелдік тіркеуі бар көліктерді басқарған Қазақстан азаматтарына еліміздің шекарасына кіруге неге рұқсат берілді?
  • Президент Жолдауында заңсыз көлік әкелетін амал-тәсілдің бәріне тосқауыл қою үшін батыл шаралар қабылдау қажет деді. Үкімет тарапынан тосқауыл қою үшін қандай шаралар қабылданды?
  • Қазақстан шекарасынан өткен шетелдік тіркеуі бар көліктердің қаншасы мемлекеттік тіркеуден өте алмады және олардың тағдыры не болады?

Сондай-ақ Наурыз Сайлаубай шетелдік теркеуі бар көліктетерді заңдастыру уақытын, шекарадан заңсыз кіретін көліктерді өткізбеудің амалдарын тауып, нақты шарттарын бекіткенге дейін ұзартуды ұсынды.

Осы жоғарыдағы аталған мәселені ескеріп, бұл көлік иелерінің арасында жалғызбасты аналар, көпбалалы және мүмкіндігі шектеулі бала асырап отырған отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар мен жасы 35-ке дейінгі жастар бар екенін ескерсеңіздер, - деді Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының мүшесі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама