×

БҰҰ қарары: Қазақстан Ресейді агрессор деп санай ма?

Біріккен Ұлттар Ұйымы – диалог пен келіссөздің алаңы

 Дәурен Ерболат 02.05.2023 | 18:50
Фото: un.org

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров БҰҰ қарарына түсінік берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

СІМ-де өткен баспасөз мәслихатында журналистер ресми өкілден БҰҰ қарарына қатысты бірқатар БАҚ-та тараған ақпарат бойынша түсінік беруді сұрады. Бұл ақпаратта Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясы туралы айтылған БҰҰ-ның Еуропа кеңесімен ынтымақтастық туралы қарарын Қазақстанның қолдағаны туралы хабарланған.

Биыл 26 сәуірде Нью-Йорктегі БҰҰ Бас ассамблеясының отырысында «Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Еуропа кеңесі арасындағы ынтымақтастық» деп аталатын қарар қабылданды. Бұл қарар БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында 2000 жылдан бастап «БҰҰ-ның өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығы» күн тәртібіндегі тармақ аясында тұрақты негізде қаралып келеді және әрқашан дауыс берусіз, консенсус негізінде қабылданып жатты.

Биылғы қарар жобасының кіріспе бөлігіне «БҰҰ мен Еуропа кеңесі арасындағы ынтымақтастықты нығайту қажеттілігі, Ресейдің Украинаға, ал бұған дейін Грузияға қарсы агрессиядан кейінгі Еуропаның алдында тұрған сын-қатерлерге және Ресейдің Еуропа кеңесіне мүшелігін тоқтатуға байланысты» атты тармақ енгізілді.

Құжат авторлары (Исландия мен Ирландия делегациялары) қарар жобасы бойынша алдын ала кеңес өткізу барысында бұл кіріспе тармақ бойынша ресейлік әріптестерімен бірыңғай ұстанымға келе алмағандықтан, Ресей делегациясы ол бойынша жеке дауыс беруді сұрады», - деді Айбей Смадияров.

Оның айтуынша, дауыс беру қорытындысы бойынша преамбулярлық параграф қабылданған, яғни оған 81 мемлекет қолдап дауысы берген, 10-ы қарсы және 48-і қалыс қалған.

Бұл тармақ саясиланғанын ескеріп, Қазақстан делегациясы осы тармақ бойынша дауыс беру кезінде «қалыс қалды».

Қарар бойынша тұтастай дауыс беру барысында, Қазақстан делегациясы БҰҰ мен өңірлік ұйымдар, оның ішінде Еуропа кеңесі арасындағы өзара іс-қимылды нығайту қағидатын «қолдап» дауыс берді. Себебі қарардағы барлық 38 тармақ осы екі ұйым арасындағы ынтымақтастыққа арналған, яғни Ресей мен Украина арасындағы мәселеге қатысы жоқ, - деді ресми өкіл.

Смадияров кейбір БАҚ бұл құжат Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты қарастыруға арналған деп жазған.

«Қарар бойынша Қазақстанның дауыс беруі Ресей-Украина қақтығысына қатысты еліміздің ұстанымын білдірмейді. Бұл мәселеге біздің ұстанымымыз бұған дейін БҰҰ Бас Ассамблеясы аясында дауыс беру кезінде бірнеше рет анық белгіленген.

Қазақстан мұндай қарарлар тараптардың арасында өзара түсіністіктің орнауына ықпал етпейтініне, керісінше тек дағдарысты одан әрі күшейтеді деп пайымдайды.

Жалпы БҰҰ алаңы мемлекеттер арасындағы қарама-қайшылық орны емес, диалог пен келіссөздің негізгі құралы болуы керек деп санаймыз, - деп сөзін түйіндеді Айбек Смадияров.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама