×

Қызылордада сабақ кезінде үстіне ауыр жиһаз құлаған 10 жасар оқушы ауыр халде жатыр

Оқиға қаладағы «Зияткер» жекеменшік мектебінде болған

 Халық үні 29.04.2023 | 06:48
ашық дереккөзден

Қызылорда қаласындағы жекеменшік мектептің 4-сыныбында оқитын Айару Аманқостың үстіне сабақ кезінде ауыр жиһаз құлап, оқушы бір аптадан бері ауыр халде жатыр. Аурухана төсегіне таңылған жеткіншектің жамбасы мен омыртқа сүйектері сынған. Тіпті ішкі құрылыстарына да зақым келген дейді дәрігерлер. Ал қыздың ата-анасы осы жағдайға оқушылардың қауіпсіздігін сақтамаған мектеп әкімшілігін кінәлап отыр, – деп хабарлайды «31-арна».

Оқиға қаладағы «Зияткер» жекеменшік мектебінде болған. Айарудың ата-анасының айтуынша, үзіліс кезінде ойнап жүрген ойын балалары сыныптағы киім қоятын жиһазды қозғап жіберген. Сол сәтте шкаф қыздың үстіне құлапты. Ал зардап шеккен оқушының ата-анасы айына 55 мың теңге төлеп, қызымызды таңнан кешке дейін ұстаздарға сеніп тапсырғанбыз дейді. Сондықтан олар балалардың қауіпсіздігіне бейқам қараған мектеп әкімшілігін жазаға тартуды талап етіп отыр.  

Ал дәрігерлер өрімдей қызды ауруханаға әкелгенде жағдайы тіпті қиын болған дейді. Олардың айтуынша, Айарудың денсаулығы қалыпқа келуі үшін ұзақ уақыт ем керек.

«Ауруханаға түскен кезде жалпы жағдайы ауыр болды. Жағдайына байланысты емнің ұзақтығы анықталады», - деді Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Қанат Медетбаев.

Мектеп директоры Айарудың еміне керек қаражатты беруге дайын екенін жеткізді. Тіпті емделіп кеткен жағдайда оқушыға мектепті бітіргенше тегін білім береміз дейді. Ал ата-ананың басты уайымы бұл емес. Олар бір аптадан бері ауруханада ауыр жағдайда жатқан қызының аяқтан тік тұруын тілейді.

Айта кетейік, осы дерекке байланысты полицейлер «Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша іс қозғады. Білім басқармасы да жеке мектептегі балалар қауіпсіздігін жіті тексеретін боламыз деп уәде берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама