×

Сенат төрағасы Алматы облысының мәслихат депутаттарымен кездесті

Мәулен Әшімбаев облыстың белсенді жастарымен де кездесті

 Халық үні 26.04.2023 | 16:20
фото: parlam.kz

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы облысы мәслихатының депутаттарымен кездесіп, Мемлекет басшысының тапсырмаларынан туындаған міндеттерді талқылады. Кездесуде Сенаттың мәслихаттармен өзара іс-қимылының жаңа форматы жөнінде де сөз қозғалды.

Өз сөзінде Сенат спикері Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөніндегі кеңесте ел президенті жүктеген міндеттерді сапалы әрі жедел іске асыру қажет екенін айтты. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын палата екенін тілге тиек етіп, алдағы уақытта да мәслихаттармен байланыс күшейе түсетінін жеткізді.

Осыған орай Сенат төрағасы алдағы бірлескен жұмыстың басым бағыттарын айқындап берді. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, қазіргі таңда жаңа формациядағы заңдарды әзірлеп, қабылдау жұмысына мәслихат депутаттарын белсенді жұмылдырған жөн. Ал, сенаторлар өңірлердің даму мәселелеріне баса мән беруге және жүйелі проблемаларды шешуге заңнамалық тұрғыдан ықпал етуге тиіс.

«Әр өңірде өзіне тән өзекті мәселелер бар. Олардың басым көпшілігі, Президентіміз атап көрсеткендей, инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға, мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қатысты. Сенат депутаттары осы мәселелерді орталық деңгейде жүйелі түрде көтеріп, олардың оң шешілуіне ықпал етеді. Парламент былтыр 86 заң қабылдады. Олардың 13-іне депутаттардың өздері бастамашы болды. Қабылданған заңдардың бәрі елдің дамуына және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Бүгінде Президентіміз бекіткен он ұлттық жоба іске асырылуда. Оның бәрі – өңірлерге тікелей қатысы бар құжаттар. Бәріміз бірге олардың сапалы және жедел іске асырылуын қамтамасыз етуіміз керек», - деген Мәулен Әшімбаев әріптестерін Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерді іске асыру жолында жұдырықтай жұмылуға шақырды.

Сенат төрағасы бүгінде елімізде жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару жүйесін дамыту бағытында ауқымды жұмыс атқарылып жатқанын, соның барысында мәслихаттардың рөлін арттыру да маңызды қадам екенін айтты. Мәулен Әшімбаев қазірдің өзінде қолданыстағы заңнамаларға бірқатар мемлекеттік функцияны орталықтан өңірлерге беретін тиісті түзетулер енгізілгеніне назар аударды. Алдағы айларда осы бағытта тағы біраз жаңа нормалар қабылданады.

Президентіміз басқару жүйесін орталықсыздандыру мәселесіне үлкен мән беріп отыр. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін жуырда әкімшілік реформалар бойынша бірқатар заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Нәтижесінде, Үкіметтің біраз функциясы орталық мемлекеттік органдарға берілді. Әкімшілік реформаның келесі кезеңінде біқатар құзырет жергілікті билік органдарына берілуге тиіс. Осыған қатысты тиісті заңдарды алдағы айларда қабылдауды жоспарлап отырмыз. Жалпы, әкімшілік өзгерістердің жаңа кезеңі жергілікті өкілді органдардың құзыретін кеңейтуге жол ашады деп сенеміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата төрағасы мәслихаттарға материалдық-техникалық және әдістемелік көмек көрсету мәселесіне де тоқталып өтті. Осыған орай Мәулен Әшімбаев мәслихат депутаттарына арналған тұрақты семинарлар, тренингтер және тәжірибе алмасу жұмыстарын ұйымдастыруды ұсынды. Мұндай бастамалар жергілікті өкілді орган депутаттарының біліктілігін арттыруға мүмкіндік беретіні анық.

Сонымен қатар сапар барысында Сенат төрағасы Алматы облысының белсенді жастарымен кездесті. Ол жас саясаткерлердің жаңа буыны Қазақстан құру бағдарын әрі қарай жалғастыратынына сенім білдірді.

«Өздеріңізге белгілі, 2019 және 2020 жылдары Жастар және Волонтерлер жылы болып жарияланды. Білікті жастарды елдік істерге тарту үшін Президенттік жастар кадрлық резерві құрылды. Мемлекет қашанда сіздердің ой-пікірлеріңіз бен ұсыныстарыңызды тыңдауға дайын. Сенат жанындағы Жас сарапшылар клубы мен Талдау мектебінің де негізгі мақсаттарының бірі осы. Сіздерді аталған жобаларға белсенді қатысуға шақырамыз. Еліміздің болашағы жастарға тікелей байланысты. Осы жауапкершілікті сезініп, әрқайсыңыз өз салаңызда еліміздің дамуына зор үлес қосасыздар деп сенеміз», - деген Палата спикері әр адам өз бойында дұрыс құндылықтарды қалыптастыру үшін терең білім мен кәсіби қабілет қажет екенін айтты.

Бұдан басқа, Сенат төрағасы өңірге сапары кезінде «Шарапат» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ұжымымен кездесті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама