×

Қаскелең әкімі Болат Назарбаевқа 42 гектар жерді сатып жіберген

Болат Назарбаевтан мемлекеттік баж салығы ретінде 12 075 теңге өндірілді

 Халық үні 22.04.2023 | 20:33
Orda.kz коллажы

Қарасай ауданының прокуратурасы сотта Қаскелең қаласы мен оның маңындағы жеті нысанды сатып алу-сату мәмілесін бұзды, деп хабарлады orda.kz.

Сәуір айында Қарасай ауданының прокуратурасы экс-президент інісінің бұрын заңсыз алған жерлерімен айналысуды ұйғарып, сотқа шағым түсірген. 17 сәуірде Алматы облысының Қарасай аудандық соты қадағалау органының арызын қарады. Сотталушы тарапынан Болат Назарбаевтың өзінен басқа төмендегілерге қатысты:

Қарасай ауданы әкімінің аппараты;

Қарасай ауданының Қаскелең қаласының әкімі;

Қарасай ауданының ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімі;

Қарасай ауданының тіркеу және жер кадастры бөлімі.

Сот отырысында белгілі болғандай, Болат Назарбаев Қарасай ауданының бұрынғы әкімі Болатбек Құтпановтан екі жер телімін сатып алған. Қаскелеңнің солтүстігінде орналасқан ауданы 22 гектар болатын жер 2004 жылы 6 қыркүйекте сатылған. Екіншісі де Қаскелеңнің солтүстігінде орналасқан, ауданы 7,15 га жер 2005 жылы 8 тамызда сатылған.

Сонымен қатар Болат Назарбаев Қарасай ауданы жер қатынастары бөлімінен де жер телімдерін алған. Қаскелеңде олардың саны бесеу болып шықты. Оның екеуі қаланың солтүстігінде, екеуі Алматы-Бішкек тас жолының бойында, біреуі соның жанында орналасқан. Аталған бөлім басшылығы сатқан жерлер:

2014 жылдың 27 наурызында 2,41 гектар жер телімін сатып алу-сату шартына қол қойылған;

2015 жылдың 8 желтоқсанында 2,41 гектар жер теліміне, ал 2017 жылдың 10 ақпанында қосымша келісімге қол қойылды;

2014 жылдың 8 сәуірінде Алматы-Бішкек тасжолының бойындағы 2,63 гектар жер сатылды;

2015 жылдың 8 желтоқсанында Назарбаев Алматы-Бішкек тасжолының бойындағы 2,63 гектар жерді сатып алды. Қосымша келісімге 2017 жылдың 10 ақпанында қол қойылды;

2019 жылдың 28 тамызында Алматы-Бішкек тасжолының маңында орналасқан 2,8 гектар жер сатылды.

Алматы облысы Қарасай аудандық соты прокуратураның талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Учаскелер бойынша сатып алу-сату мәмілелері жарамсыз деп танылды. Сондай-ақ, Болат Назарбаевтан мемлекеттік баж салығы ретінде 12 075 теңге өндірілді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама