×

Алматы тұрғындарынан жаппай ғимарттардан шығу сұралды

Алматы қаласы 9-10 баллдық сейсмикалық аймақта орналасқан

 Халық үні 19.04.2023 | 23:51
фото: almaty.tv

Ертең, бейсенбі сағат 11:00-де Алматыда жоспарлы жалпықалалық сейсмикалық оқу-жаттығу өтетін болады. Алматы қалалық төтенше жағдайлар департаменті мегаполис тұрғындары мен қонақтарына түсіністікпен қарап, сабырлық сақтауды сұрайды. 

Ведомство мәліметінше, бұндай сейсмикалық оқу-жаттығу жылына екі рет өткізіледі. Тоқсан сайын қалада сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізілсе, биылдың өзінде 2,8 мыңнан астам сейсмикалық оқу-жаттығулар өткізілді.

«Алдағы жалпықалалық сейсмикалық жаттығуға алдын ала дайындық жүргізілуде. Мәселен, ертеңнен бастап телеарналар мен радиоарналарда хабарландыру басталады, алматылықтар оқу-жаттығуға қатысты эвакуациялау туралы ақпараттандырылып, ұсыныстар беріледі. Сейсмикалық оқу-жаттығу күні теле және радиоарналар сиреналық қондырғыларды іске қосу арқылы қалалық ескерту жүйесі іске қосылады,«Дармен» мобильді қосымшасы арқылы push-хабарламалар жіберіледі», - деп хабарлайды Алматы қалалық ТЖД өкілдері.

Сонымен қатар жер сілкінісі кезінде халықтың іс-әрекеті бойынша жадынамалар тарата отырып, төтенше жағдайға байланысты дабыл дорбасы жасақтау бойынша оқыту тренингтері өткізілетін болады.

Еске салайық, Алматы қаласы 9-10 баллдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Жыл сайын қалада 200-ге дейін әлсіз, сезілмейтін жер сілкінісі болады. Бұл ретте күші 2-ден 4 балға дейінгі жер сілкінісі Алматы үшін фондық режим деп саналады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама