×

Шымкентте аудан әкімінің орынбасары 60 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды

Шымкент қаласы сотының санкциясымен әкімнің орынбасары 2 ай мерзімге қамауға алынды

 Халық үні 18.04.2023 | 21:48
Фото: opennews.kz

Шымкентте аудан әкімінің орынбасары аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Дәурен Ерғарин Facebook-тегі парақшасында хабарлады.

Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі аудан әкімінің орынбасары мен әкімдіктің бас маманына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.

Олар бір топ адам болып алдын ала сөз байласуы арқылы мегаполисті абаттандыру жөніндегі мемлекеттік сатып алу келісімшартын орындау кезінде кәсіпкерден қамқорлығы үшін 60 млн теңге мөлшерінде пара алды деген күдікке ілінген.

Шымкент қаласы сотының санкциясымен әкімнің орынбасары 2 ай мерзімге қамауға алынды.

«Тергеу жалғасып жатыр. Өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодекстің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес қылмысты жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрқайсысы кінәсіз болып саналады»,–  деп жазды Дәурен Ерғарин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама