×

Президент Елена Рыбакинаны қабылдады

Қазір елімізде 30 мыңнан аса адам тенниспен шұғылданады

 Динара Амантай 13.04.2023 | 13:20
Фото: t.me/aqorda_resmi

Мемлекет басшысы теннисші Елена Рыбакинаны қабылдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Australian Open, Индиан-Уэллс және Майами турнирлерінде керемет өнер көрсеткен Елена Рыбакинаны құттықтап, шеберлігі мен жеңіске деген ерік-жігері үшін ризашылығын білдірді.

Мемлекет басшысы қазақстандық теннисшілердің жетістігі өскелең ұрпақ арасында осы спорт түрінің танымалдылығын арттыруға септігін тигізетінін атап өтті. Елена Рыбакина жеңіс тұғырынан көрінген сәттерінде қолдау білдіргені және жүрекжарды құттықтауларын жолдағаны үшін президентке алғыс айтты. Даңқты теннисші алдағы уақытта да беделді халықаралық жарыстарда сәтті өнер көрсетуге бар күш-жігерін жұмсайтынын жеткізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазір елімізде 30 мыңнан аса адам тенниспен шұғылданатынына тоқталды. Оның 10 мыңнан астамы – 10 жасқа дейінгі балалар. Осы спорт түріне бұқаралық сипат беру мақсатында еліміздің 17 аймағында теннис корттары салынды. Сондай-ақ Baby tennis, «10 жасқа дейінгі теннис» секілді жобалар табысты жүзеге асырылып жатыр.

14-15 сәуір аралығында Астанада алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының іріктеу матчы өтеді. Теннистен Қазақстанның әйелдер құрамасы Польша командасына қарсы ойнайды. Бұл кездесудің жеңімпазы әлем чемпионатына жолдама алады.

Мемлекет басшысы халықаралық деңгейдегі мұндай іс-шараларды ұйымдастыру еліміздегі теннистің даму деңгейін арттыруға тың серпін беретінін айтты. Сондай-ақ Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына лицензия ұтып алған теннисшілерімізге сәттілік тіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама