×

Атырау облысында 2 лауазымды тұлға жауапқа тартылды

Антикор 180-ге жуық кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді

 Динара Амантай 13.04.2023 | 11:14
Фото: Атырау облысы СЖҚА баспасөз қызметі

Атырау облысының Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 180-ге жуық кәсіпкердің құқығын қалпына келтірді. Бұл туралы брифинг барысында департамент басшысы Ерұлан Серікқалиев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын және бизнесті қорғау мәселесінің маңыздылығын ескере отырып, агенттік жыл басынан бері «Бизнеске жол» жобасын іске қосты. Жобаны іске асыру басталғаннан бері 250 кәсіпкермен кездесу өткен. Олардан 25-ке жуық өтініш келіп түсті. Қабылданған шаралармен сыбайлас жемқорлық факторлары жойылып, 180-ге жуық кәсіпкердің құқықтары қалпына келтірілді. Департаменттің ұсынысы бойынша 2 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Мысалы, департаментпен Атырау облысының Су арнасының 99 кәсіпкерлік субъектісіне көрсетілген қызметтер мен мемлекеттік сатып алу бойынша тауарларды жеткізгені үшін 739 млн теңге көлемінде қаражат қарыз екендігі анықталды. Департамент пен әкімдік қабылдаған шаралардың нәтижесінде 49 кәсіпкерлік субъектісіне 587 млн теңге мөлшеріндегі қаржы төленді. Осылайша, 49 кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қорғалды.

Өңірдің бизнес-қоғамдастықтарының өкілдерін қорғау жөніндегі ақпараттық жұмыс шеңберінде күн сайын кәсіпкерлердің өтініштері келіп түседі. Кәсіпкерлер үшін жадынамалар әзірленді. Онда кәсіпкерлік субъектілерінің негізгі құқықтары мен міндеттері түсіндірілді. Лауазымды адамдар мен кәсіпкерлердің қатысуымен жұмыс кездесулері өткізіледі.

Мәселен, кәсіпкерлермен кездесу барысында «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ Атырау облыстық филиалы, сондай-ақ «Құрманғазы», «Исатай» кредиттік серіктестіктері алдындағы берешектерін толығымен өтеген 43 кәсіпкерлік субъектісінің өздеріне тиесілі, кепілдегі мүлікке құқық белгілейтін құжаттарын қайтармауына қатысты өтініш қаралды.

Құжаттарды қайтарудан бас тартудың себебі серіктестіктер мен филиал алдындағы 12 жосықсыз кәсіпкерлік субъектісінің ортақ жауапкершілікке байланысы бар берешегі болып табылады.

Департаменттің араласуынан кейін филиал басшылығы оң шешім қабылдады. Бүгінде кәсіпкерлерге құқық белгілейтін құжаттарды қайтару рәсімі жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама