×

Аяжан Еділованың өлімі: күдікті марқұмды зорлағанын мойындамай отыр

Атышулы іс 30 томнан тұрады

 Халық үні 05.12.2021 | 15:09
Марқұм Аяжан Еділова, фото: ашық дереккөзден

Алматыда Аяжан Еділованы айуандықпен өлтірді деп айыпталып отырған 28 жастағы түркістандыққа қатысты екінші сот отырысы өтті. Зорлау дерегі болғандықтан процесс жабық режимде, онлайн форматта болды. Бес куәгерден жауап алынды. Олар - марқұмның туыстары мен таныстары.

Сот отырысында айыпталушы өрімдей қызды өлтіргенін мойындағанмен, зорлық көрсеткенін теріске шығарды. Ол өзіне тағылған айыптармен ішінара келіспейтінін айтты.

Жәбірленуші тараптың заңды өкілінің айтуынша, айыпталушы кінәсін толық мойындамаған.

Сотталушы Төребеков адам өлтіргенін мойындап, зорлағанын жоққа шығарып отыр. Енді қыздың зорланғанын дәлелдеу үшін жұмыс істейміз, - дейді жәбірленуші тараптың заңды өкілі Қадыржан Ғалымжанұлы.

Жәбірленушілер қылмыс жасаған адамды өмір бойына бас бостандығынан айыру қажет деген пікірде. Оның айыбын дәлелдеу үшін барлық дәйекті ұсынамыз дейді.

Атышулы іс 30 томнан тұрады. Процесті судья Еркін Майшынов қарауда.

Естеріңізге салсақ, 2021 жылдың 19 наурызында он тоғыз жастағы Аяжан Еділова кешкісін жұмыстан шығып, қайта оралмаған. Оның бөлшектелген денесі араға екі күн салып Нұркент ықшамауданындағы пәтерлердің бірінен табылды.

Өрімдей қыздың өліміне күдікті ретінде Түркістан облысының 28 жастағы тумасы ілікті. Күдікті қылмыстың ізін жасыру үшін қыздың денесін қаланың әр ауданындағы қоқыс контейнерлеріне апарып тастаған. Ұсталған азамат бұл мәліметтерді жедел іздестіру тобына өзі айтып берген. Содан кейін күдікті Алматы қалалық №7 клиникалық ауруханасына жатқызылды. Ол осы оқиғадан кейін өзіне қол жұмсамақ болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама