×

Бас прокуратура Болат Назарбаевтың экс-тоқалы айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғау туралы мәлімдеме жасады

Бас прокуратура өкілдері деректер тексеру үшін екі органға жіберілгенін мәлімдеді

 Халық үні 10.04.2023 | 22:31
Фото: massaget.kz

Бас прокуратура кәсіпкер Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы, әнші Динара Әлжанның сұхбатта айтқан деректерге қатысты қылмыстық іс қозғалуы туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Massaget.kz.

Massaget.kz тілшісі Бас прокуратураға арнайы сауал жолдап, әнші Динара Әлжанның журналист Нұрсейіт Жылқышыбайға берген сұхбатында айтылған деректерге қатысты қылмыстық іс қозғау мәселесін сұраған болатын. Бас прокуратура өкілдері деректер тексеру үшін екі органға жіберілгенін мәлімдеді.  

«Бас прокуратура әнші Динара Әлжанның журналист Нұрсейіт Жылқышыбайдың «Уақыт көрсетеді» YouTube-арнасында сұхбатта айтылған бірнеше фактіні тексеру бойынша ақпарат беру туралы сұрау салуды қарады. Осы фактілерді тексеру үшін сұрау Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі және Ішкі істер министрлігіне жіберілді. Аталған органдар тексерудің нәтижесі туралы хабардар етеді», - делінген ресми жауапта.

Еске салайық, белгілі заңгер Алмас Жұмағали Болат Назарбаевтың бұрынғы тоқалы «Уақыт көрсетеді» YouTube-арнасында айтқан деректерге қатысты қандай қылмыстық істер қозғауға болатынын айтқан еді. 

«Біріншіден, Кентал (әнші Талғат Кенжеболатов - еск.) мен «командасының» есірткіге қатысы. Екіншіден, Ғабидолланың (Шымкент қаласының экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахымов) қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану ма, әлде кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласу ма, оны тексеріс анықтауы керек. Болат Назарбаевтың қаржыны оңды-солды шашуы, казинода ұтылып қалған Қайрат Нұртас үшін 400 000 доллар бере салуы - қаржының шығу тегінің заңдылығы анықталу керек. Ол сандырақ емес, Жылқышыбай басында сұрап алды: «Ертең сөздеріңізден тайып, ана жерін, мына жерін алып тасташ» деп сұрамайсыз ба деді», - деген еді заңгер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама