×

Шолпан Каринова мұғалімдерді аттестаттау ережелеріндегі соңғы өзгерістерді түсіндірді

Бүгінде тестілеуден өтуге 80 мыңнан астам мұғалімдер тіркелді

 Динара Амантай 08.04.2023 | 11:35
Фото: dknews.kz

Сәуірдің 3-і мен 22 аралығында елімізде мұғалімдер аттестаттаудан өтіп жатыр. Осыған байланысты Оқу-ағарту вице-министрі Шолпан Каринова Facebook  желісіндегі парақшасында мұғалімдерді аттестау ережелеріне енгізілген соңғы өзгерістерді түсіндірді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Біріншіден, «Пәндік білім» блогы бойынша тест тапсырмаларының саны 70-тен 30 тест тапсырмасына дейін, «Оқыту әдістемесі» блогы бойынша 30-дан 20 тест тапсырмасына дейін қысқартылды. Бірнеше дұрыс жауаптарды таңдайтын тест тапсырмалары алынып тасталды.

Екіншіден, педагогтердің білімін бағалаудан өту үшін шекті балл төмендетілді. Мысалы, педагог-сарапшы үшін 15-тен 12 балға дейін, педагог-зерттеуші үшін 18-ден 16 балға дейін, педагог-шебер үшін 21-ден 18 балға дейін.

Үшіншіден, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар және жаңа аттестаттау жүйесі бойынша санаты бар педагогтер біліктілік санатын растаған жағдайда біліктілік тестілеуден босатылады. Олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Бұл ретте, егер олар өз біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттауды жалпы негізде өтеді;

Төртіншіден, 30 және одан да көп жыл педагогикалық өтілі бар, бірақ ескі аттестаттау жүйесі бойынша жоғары/бірінші санаты бар педагогтер, егер «педагог-модератор» санатына ауысса, біліктілік тестілеуден босатылады. Бұл жағдайда олар аттестаттаудың екінші кезеңінен ғана өтеді, яғни портфолио тапсырады. Егер олар жаңа аттестаттау жүйесі бойынша басқа санаттарды алғысы келсе, онда аттестаттау жалпы негізде өтеді;

Бесіншіден, зейнеткерлікке шыққанға дейін 4 жыл қалған педагогтер жаңа жүйе бойынша бар санатын растайтын болса, аттестаттаудан босатылады. Егер олар біліктілік санатын жоғарлатқысы келсе, онда аттестаттаудан жалпы негізде өтеді;

Алтыншыдан, арнайы бағдарлама бойынша жұмысқа қабылданған және «педагог-сарапшы», «педагог-зерттеуші» санаты бар педагогтерге аттестаттау рәсімінен өтпей-ақ бір саты жоғары санат тағайындалады. Арнайы бағдарлама бойынша жұмыс істейтін ЖОО түлектеріне «педагог-модератор» санаты бірден беріледі.

Бұл енгізілген өзгерістердің барлығы мұғалімнің пайдасына арналған. Сонымен қатар біз бәріміз де мұғалімнің біліктілік санаты балалардың біліміне бірден бір әсер ететінін түсінеміз, – деп жазды Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, тестілеуді Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім комитеті, Ұлттық тестілеу орталығы, МЖӘ бойынша анықталған U-Study ұйымы өткізеді. Тестілеу 40 өңірлік тестілеу орталықтарында сәуірдің 3 –нен 22 аралығында өтіп жатыр. Бүгінде тестілеуден өтуге 80 мыңнан астам мұғалімдер тіркеліп, олардың 18 мыңнан артығы тестілеуден өтті. Сонымен бірге кей күндері электроэнергия сөніп, Ақтөбе, Қостанай, Талдықорган, Күлсары, Сарыағаш, Жамбыл облысы Төле би аулындағы пункттерде мұғалімдердің тестілеу уақытын немесе күнін ауыстырған жағдайлар болды. Жергілікті Білім басқармалары тиісті қызметтермен бірлесіп, мұндай форс-мажорлық оқиғаларды барынша азайту бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр.

Сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігі жанында аттестаттау рәсімін әрі қарай жетілдіру бойынша жұмыс тобы өз жұмысын бастады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама