×

Астанада жаңа ғылыми-зерттеу институты ашылды

Ол медицина, қоршаған ортаны қорғау бағытында ғылыми зерттеулер жүргізеді

 Дәурен Ерболат 06.04.2023 | 17:47
Фото: Halyq Uni

Елордада жаңа медицина ғылыми-зерттеу институты ашылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Астана медицина университетінде Ерболат Дәленов атындағы профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институты өз жұмысын бастады.

Институттың ашылуына Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният, депутаттар және тағы басқа мемлекет қайраткерлері қатысты.

Академик Ерболат Дәленов атындағы ғылыми-зерттеу институты аурулардың бастапқы, қайталама және дәлелді медицина қағидаттарына негізделген Қазақстан халқының денсаулығын жақсарту әдістерін зерттейді.

Сондай-ақ жаңа институт профилактикалық медицина, саламатты өмір салты, қоршаған ортаны қорғау салаларында ғылыми зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр.

Айта кетейік, Ерболат Дәленов (08.09.1946-22.02.2023) – медицина ғылымының докторы, профессор, профилактикалық медицина және нутрициология кафедрасының меңгерушісі, Астана медицина университетінде профилактикалық медицина институтын құрудың бастамашысы, Қазақстан профилактикалық медицина академиясы мен валеология академиясы, Нью-Йорк ғылым академиясының академигі, Қазақстан медицина ғылымдары академиясының корреспондент-мүшесі болған.

Ол 450-ден аса ғылыми еңбек (42 кітап, 10 монография, жалпы білім беретін мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған қазақ және орыс тілдеріндегі валеология және биология оқулықтары, сондай-ақ дәрігерлер мен ғылыми қызметкерлерге арналған анықтамалығы) жазған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама