×

Мектептегі тегін ас мәзірі Kundelik порталына 9 млн теңгеге жарияланған

Қаржыны 400-ден аса мектепке қызмет көрсететін 117 кәсіпкер төлеген

 Еркеғали Болатұлы 05.04.2023 | 16:16
фото: goo.edu.kz

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Kundelik порталында ас мәзірін орналастырғаны үшін 7 облыстағы мектеп асханаларына айыппұл салынғанын мәлімдеді. Білім басқармалары кәсіпкерлерге мәзір фотосуреттерін ақылы түрде орналастыруды ұсынған.

Осыдан соң 400-ден аса мектепке қызмет көрсететін 117 кәсіпкер 9 млн теңгеге жуық қаржы төлеген. Бұл заңсыздық Астанада, Абай, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қостанай, Павлодар облыстарында және Шымкент қаласында болған.

Негізінде Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы №598 бұйрығына сәйкес, ас мәзірінің суреті мектептің интернет-ресурсында тегін жариялануға тиіс. Қоғамдық тамақтандыру қызметін жеткізушілер, Оқу-ағарту министрлігі, елорда әкімдігінің және «Kundelik» ЖШС өкілдерінің қатысуымен өткен жиыннан кейін ас мәзірін тегін орналастыру туралы шешім қабылданды.

Осы жиынның қорытындысы бойынша Оқу-ағарту министрлігі барлық мекемелерге төлемнің алдын алу туралы хат жолдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама