×

«Тұрмысы ауыр қыздарды іздеген». Петропавлда адам саудасымен айналысқан күдікті анықталды

Ол қыздармен әлеуметтік желі арқылы танысқан

 Дәурен Ерболат 03.04.2023 | 12:32
Фото: inform.kz

Петропавлда қыздарды жөзекшелікпен айналысуға итермелеген ер адам ұсталды. Бұл туралы ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің басшысы Қанат Нұрмағамбетов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, қалада адам саудасымен айналысқан Ақмола облысының тумасы ұсталған.

Мәселен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктінің интернет және әлеуметтік желілер арқылы материалдық жағдайы ауыр қыздарды, оның ішінде толық емес отбасылардан шыққан кәмелетке толмағандарды іздеумен айналысқаны анықталды. Осыдан кейін ол арам ниетін жүзеге асыру үшін қыздармен танысқан. Күдікті жұмыс іздеуге көмек көрсетемін деген сылтауымен қыздардың сеніміне кіріп, оларды Петропавл қаласына шақырған, - деді Қанат Нұрмағамбетов ІІМ-де өткен брифингте.

Қыздар келгеннен кейін оларға психологиялық қысым жасап, қорқытып, күш көрсетіп, жыныстық қанау мен саудаға пайдаланған.

«Аталған схема бойынша күдікті Қостанайдың 19 жастағы тұрғынын жалдап, оны қаладағы сауналар мен қонақ үйлерде жыныстық мақсатта пайдалану үшін 250 мың теңгеге сатқан, - деді басшы.

Бұл дерек Қылмысты кодекстің 128-бабы 1-бөлігі («Адам саудасы») бойынша СДТБТ-да тіркелді.

Қажет көмек көрсету үшін жәбірленуші баспанаға орналастырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама