×

Тұңғыш рет ұйымдастырылған Nauryz ұлттық телесериалдар бәйгесінің жеңімпаздары анықталды

Олар 13 номинация бойынша марапатталды

 Дәурен Ерболат 31.03.2023 | 19:36
Фото: Halyq Uni

Астанада алғаш рет ұйымдастырылған Nauryz ұлттық телесериалдар бәйгесінде кімдер жеңіске жеткені белгілі болды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ұлттық телесериалдар бәйгесі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Наурыз – жаңару мен гүлденудің, өсу мен өркендеудің символы. Сондықтан Nauryz ұлттық бәйгесі отандық сериалдардың да өсіп-өркендеуіне септеседі деп үміттенеміз.

Жалпы елімізде соңғы жылдары креативті индустрия, телесериалдар қарқынды дамып келеді. Қазір бізде сан да, сапа да артып келеді. Қаражат жағын да көбейтуді қарастырып отырмыз. Қазір отандық сериалдар ішкі және сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Бұрын үндінің «Келініне» телміретін көрермен қазір өзіміздің «Келінжан» мен «Аппақ келінді» көреді», - деді Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Оның айтуынша, министрлік бұл байқауды жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр.

(Бәйгені) Nauryz деп атауымыздың себебі – жыл сайын наурызда өткен жылдың қорытындысын шығарып отырамыз. Телесериалдарға бөлек байқау жариялаған соң, «Тұмар» байқауына анимациялық өнімдерді және деректі фильмдерді арнайы енгіземіз, - деді ведомство басшысы.

Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры қамқоршылық кеңесінің төрағасы, кәсіпкер, меценат Исламбек Салжанов ақпарат министріне алғысын айтып, аталған жобаның болашағы жарқын болатынын атап өтті.

Шараны ұйымдастырған Дархан Қыдырәлі мырзаға алғысымды айтқым келеді. Nauryz жобасы елімізге керек. Қазақтың Оскары болсын деген ниеттеміз. Біздің телесериалдарымызды, актерлерді, продюсерлерді әлем танысын деген ниеттемін. Соңғы жылдары отандық телесериалдарымыз дамып жатыр. Бұл жоба ұлттың тілін, мәдениеті мен өнерін дамытуға өз үлесін қосады деген сенімдемін. Бүгінгі керемет іс-шарамыз ұзағынан болсын, – деді ол.

Сондай-ақ іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов, Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай, Орталық коммуникациялар қызметінің директоры Асхат Умаров, республикалық телерналардың басшылары, Altyn Qyran Foundation қоғамдық қорының басқарушы директоры Әлібек Әлденей, танымал қазақстандық актерлер және тағы басқалары қатысты.

Қазылар алқасының мүшелері «Nauryz» ұлттық телесериалдар бәйгесінің номинанттарын жариялады. Шорт-параққа 52 номинант енді. Нәтижесінде төмендегі үміткерлер жеңімпаз атанды:

Үздік тарихи сериал:

  • «Міржақып. Оян,Қазақ!». Qazaqstan ұлттық арнасы

Үздік драмалық сериал:

  • «Ақжауын». Qazaqstan ұлттық арнасы

Үздік комедиялық сериал:

  • «Келінжан». «Хабар» телеарнасы

Үздік веб-сериал:

  •  Serjan Bratan. Salem Social Media

Үздік актер:

  • Дулыға Ақмолда. Serjan Bratan сериалы

Үздік актриса:

  • Жанель Сергазина. «Няня» сериалы

Екінші пландағы үздік актер:

  • Рүстем Жаныаманов. «Келінжан» сериалы

Екінші пландағы үздік актриса:

  • Камалия Байтелеуова. «Ақ пен қара» сериалы

Үздік режиссер:

  • Ерлан Нурмухамбетов. «Қаныш.Қазына». Qazaqstan ұлттық арнасы

Үздік сценарист:

  • Бекзат Мырзахметова. Mystan. Salem Social Media

Үздік қоюшы – оператор:

  • Бағдат Арғынов. SHEKER, Serjan bratan, «5:32». Salem Social Media

Үздік монтаж:

  • Рахимжан Яхьяров. «Ақ пен қара». «Хабар» телеарнасы

Үздік саундтрек:

  • Sheker. Salem Social Media

Шетелге сатылған үздік коммерциялық сериал (Арнайы номинация):

  • «Патруль». «НТК» телеарнасы

Nauryz арнайы сыйлығы

  • «Тоғысқан тағдырлар» (Перекресток) сериалы (Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы сериалдарының бірі)

Сондай-ақ жеңімпаздарға Nauryz статуэткасы мен 1 млн теңге сыйақы берілді.

Іс-шара демеушілері – Президенттің телерадиокешені, «Қазақстан» РТРК және «Хабар агенттігі» АҚ, «Еуразия» бірінші арнасы» және Altyn Qyran Foundation қоғамдық қоры.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама