×

Бибісара Асаубаева Үндістандағы Гран-приде үшінші рет жеңіске жетті

Әзірге 3,5 балл жинаған қытайлық Чжу Цзяньэр мен ресейлік Полина Шувалова көш бастап тұр

 Халық үні 31.03.2023 | 12:42
Бибісара Асаубаева, фото: ашық дереккөзден

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Нью-Делидегі ФИДЕ-нің әйелдер арасындағы Гран-при кезеңінде үшінші рет жеңіске жетті.

Шахматтан халықаралық спорт шебері Бибісара Асаубаева Гран-придің 4-ші турында ресейлік Александра Горячкинадан жеңілгеннен кейін, үндістандық гроссмейстер Харика Дронавалиден басым түсті. Осы жеңісінен кейін қазақстандық шахматшы 3 ұпай жинап, ресейлік А.Горячкинамен үшінші-төртінші орынды өзара бөлісті.

Аталған сайыста әзірге 3,5 балл жинаған қытайлық Чжу Цзяньэр мен ресейлік Полина Шувалова көш бастап тұр. Бүгін Бибісара Асаубаева екеуімен де кездесу өткізеді.

Шахмат әуесқойлары екі дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның 4-ші және 5-ші турдағы партияларын осы сілтеме арқылы көре алады. Онда Горячкина-Асаубаева және Асаубаева – Дронавали жекпе-жегі ұсынылған.

Нью-Делидегі турнир лайықты деңгейде ұйымдастырылмағандықтан, бір күнге кешігіп басталған болатын. Жарыс ұйымдастырушыларының жұмысына көңілі толмаған Жансая Әбдімәлік пен неміс шахматшысы Элизабет Петц турнирге қатысудан бас тартты.

Қазір турнирге қатысатын 12 шахматшының орнына 10 адам бақ сынап жатыр. Осыған байланысты турнирді ұйымдастырушылар лезде жарыс кестесін өзгертті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама