×

Биыл өндірісте 21 адам көз жұмған

Бір жылда өлім-жітім 34,4%-ға төмендеді

 Дәурен Ерболат 31.03.2023 | 12:25
Фото: pixabay.com

Биыл Қазақстанда өндірістегі жазатайым оқиғалардан 21 адам көз жұмды. Бұл туралы ЕХӘҚМ Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің төрағасы, бас еңбек инспекторы Төлеген Оспанқұлов айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Үкімет пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қабылдаған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,5% (1568 адамнан 1465 адамға дейін), қаза тапқандар саны 8,4% (220 адамнан 203 адамға дейін) азайды.

2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша еліміздің кәсіпорындарында 187 адам зардап шекті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13% аз (2022 жылы – 215 адам).

Оның ішінде өндірістегі жазатайым оқиғалардан 21 адам қаза тапты. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 34,4% аз (2022 жылы – 32 адам), - деді Төлеген Оспанқұлов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Бас еңбек инспекторының айтуынша, Қарағанды (19 адам), Шығыс Қазақстан (17 адам), Абай (15 адам), Түркістан (14 адам), Қызылорда (14 адам) облыстарында өндірістік жарақаттану деңгейі жоғары.

2022 жылы зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен – металлургия кешені кәсіпорындарында (16,2 %), құрылыс саласында (15%) байқалды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама