×

Шымбұлақ тау курорты Гиннестің рекордтар кітабына енді

Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты

 Еркеғали Болатұлы 27.03.2023 | 10:10
фото: ашық дереккөз

Шымбұлақ тау курорты әлемдегі ең биік жарықтандырылған түнгі шаңғы трассасы ретінде ресми түрде Гиннес рекордын орнатты. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Гиннес рекордтар кеңсесінің судьясы Шейда Субаши-Гемиджи тау шаңғысы курортының бас директоры Ринат Әбдірахмановқа әлемдік рекордты растайтын сертификатты теңіз деңгейінен 3 200 метр биіктіктегі Талғар асуы станциясында табыс етті.

Шымбұлақ таулы курортының ресми түрде әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде Гиннес рекордын орнатқанын хабарлауға қуаныштымын. Бұл – әлемдегі жаңа рекорд, - деді Шейда Субаши-Гемиджи.

Ринат Әбдірахманов осыдан 5 жыл бұрын түнде шаңғы тебуге арналған жол ашуды армандағанын, қазір сол ойы орындалғанын алға тартты.

Салтанатты шараға Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов пен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев қатысты.

Бұл – бүкіл ел үшін үлкен жетістік. Әрине, біздің әлеуетіміз зор. Шымбұлақ – еліміздегі туризмді дамытудың негізгі дистанцияларының бірі. Жалпы, Мәдениет және спорт министрлігі арқылы нақты қадамдар жасалып жатыр. Жергілікті атқарушы органдармен, серіктестермен, бизнес-қауымдастықпен бірлесе отырып, инфрақұрылым мен туризмді дамытамыз, - деді Асхат Оралов.

Түнгі шаңғы тебу 2021 жылдың қарашасында іске қосылған. Өткен қысқы маусымда түнгі шаңғымен 50 346 турист тіркелсе, биылғы маусымда 10%-ға көбейіп, келушілер саны 55 486 жеткен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама