Halyq Uni логотип
×

Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты сот тергеуі аяқталды

Прокурор Таубаевты 11 жылға, ал Басаровты 8 жыл 5 айға бас бостандығынан айыруды сұрады 

 Айнұр Асылбекқызы 05.04.2022 | 13:35
Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты сот тергеуі аяқталды
фото: Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров

4 сәуірде Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаровтың ісі бойынша сот тергеуі аяқталды. Бұдан соң тараптардың жарыссөзі басталып, ол 5 сәуір күні жалғасты.

Еске салайық, Таубаев пен Басаровтың ісі сотқа дейінгі тергеу органдарының келтірген айыбына сәйкес ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу») бойынша қаралды.

Бірінші болып мемлекеттік айыптаушы - прокурор Нуржан Жангереев сөз алды. Ол соттан Таубаев пен Басаровтың отбасылық жағдайын және олардың кәмелеттік жасқа толмаған балалары барын, бұрын сотты болмағанын ескеруін сұрады. Сондай-ақ, прокурор екеуі де жұмыс орны мен тұрғылықты мекенжайы бойынша оң мінездемеге ие екенін атап өтті. Дегенмен, ол өз сөзінде Таубаевтың 2020 жылы жаз бен күздегі пандемия кезінде облыс әкімінің бірінші басшысы бола тұра және бірқатар басқармаларға, соның ішінде денсаулық сақтау басқармасына да бас-көз бола отырып, өзінің материалдық жағдайын жақсартуды ойлағанын да айтты.

Сонымен қатар, прокурор соттан Басаровқа қатысты оның кінәсін ішінара мойындап, жасаған әрекеті үшін өкінетінін және оның қарт әке-шешесі мен мүгедек ағасы барын ескеруді сұрады. 

Ол Таубаевтан дүние-мүлкін тәркілеместен, мемлекеттік қызметтердің бәрінде, мемлекеттік органдарда істеу құқығынан өмір бойы айыра отырып, 11 жыл бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.  

Ал Басаровқа дүние-мүлкін тәркілеместен, барлық мемлекеттік қызметте, мемлекеттік органдарда істеу құқығынан өмір бойы айыра отырып, 8 жыл және 5 ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Еске салайық, 18 наурызда Атырау қалалық №2 соты облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев пен «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Нұрлан Бисембаевтың ісі бойынша ақтау үкімін шығарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама