×

Атырау соты облыс әкімі орынбасарына қатысты ақтау үкімін шығарды

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ

 Айнұр Асылбекқызы 18.03.2022 | 14:03
Қайрат Нұрлыбаев, фото: azh.kz

Бүгін Атырау қалалық №2 соты облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұрлыбаев пен «Бұйырғын» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі төрағасының орынбасары Нұрлан Бисембаевтың ісі бойынша ақтау үкімін шығарды.

Сот оларды кінәсіз деп тану себебін әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты деп түсіндірді.

Сот сотталушылардың заңсыз қылмыстық қудалау үшін қылмыстық іс жүргізуді жүргізуші органның заңсыз іс-әрекеттерімен келтірілген зиянды өтеу құқығын таныды, - деп хабарлады Атырау қаласының №2 сотының баспасөз қызметі.

Еске алсақ, Нұрлыбаев пен Бисембаевқа қатысты іс өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, кінәлі адамға сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену дерегі бойынша (ҚР ҚК-нің 189-бабының 4- бөлігінің 2-тармағы) қаралды.

Нұрлыбаевқа облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бола тұра, өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, «Бұйырғын» төрағасының орынбасары Бисембаевпен адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, бөтеннің мүлкін ұрлады, яғни «Бұйырғын» кооперативіне инвестициялық субсидия беру арқылы 83 700 649 теңге жымқырды деген, ал Бисембаевқа көрсетілген соманың жартысы 41 900 000 теңгені иемденген деген айып тағылды.

Сотта «Бұйырғын» кооперативіне инвестициялық субсидияның төрт траншпен берілгені анықталды. Бұдан бөлек, сот кооперативтің инвестициялық субсидия беру туралы өтініші және сараптама ұйымының өтінішті мақұлдауы сотталушы Нұрлыбаевтың ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы лауазымына тағайындалғанға дейін, яғни 2019 жылдың мамыр айының соңында алынған. Ал қалған транштар бойынша өтініштер бұрынғы басқарма басшысының өкімімен құрылған жұмыс тобымен мақұлданған.

Бұдан бөлек, қалалық №2 сотының баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сәйкес, сотта тергеудің сотталушылар арасында агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін субсидиялау үшін бөлінген ақша қаражатын ұрлауға алдын ала сөз байласу жөнінде дәлелдемелер ұсынылмағаны анықталған.

«Сотта зерттелген дәлелдемелермен инвестициялық субсидиялар беру туралы өтінішке қоса берілген құжаттардың толықтығы үшін коопаретив құжаттарын қабылдаған бөлім басшылары жауапты екені анықталды.

Сараптама ұйымы және жұмыс тобымен объектінің өндірістік қуаттарының сәйкестігін тексеру актісі жасақталып, басшы - сотталушы Нұрлыбаевқа ұсынылған, соның негізінде ол субсидия беруге арналған шартқа қол қойған», - делінген ақпаратта.

Сот отырысында жауап алынған Ауыл шаруашылығы министрлігінің маманы жұмыс тобы немесе сараптама ұйымымен келісім берілгеннен кейін басқарма басшысы шартқа қол қоюға міндетті екенін, егер қол қоймаған жағдайда ол жауапқа тартылатынын айтып көрсеткен.

«Сотталушы Бисембаев кооперативте материалдық жауапты тұлға болып табылмайды, алғашқы үш субсидияны алу кезеңінде кооперативте жұмыс жасамаған және құрылтайшысы болмаған, ол 2020 жылдың 3 тамызында директордың орынбасары болып жұмысқа орналасқан, яғни үшінші транш субсидиясын алғаннан кейін жұмысқа орналасқан және онымен материалдық жауапкершілік туралы шарт жасалмаған», - деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Коператив төрағасының өтініші бойынша ол Атырау қаласында құс фабрикасының қосымша объектілерін салу үшін кооператив шотынан алынған, субсидия ретінде түскен ақшалай қаражатқа құрылыс материалдарын сатып алуға көмек көрсеткен және кооперативке берген. Бұл жағдайды кооператив өкілдері растады.

Сотталушылар инвестициялық қаражатты иемденбеген, аталған қаражатты кооператив игерген. Коперативке тиесілі құс фабрикасы жұмыс істейді, салықтарды уақытылы төлейді. Аудиторлық тексерумен субсидия беру рәсімі анықталғаннан кейін 83 700 649 теңге көлемінде берілген субсидия толығымен бюджетке қайтарылды, қазіргі уақытта АӨК-нің азаматтық талап бойынша берешегі жоқ.

Еске салып өтейік, прокурор Қуаныш Шункенов Нұрлыбаевқа - 10 жыл, Бисембаевқа 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.

Бұған дейін «Бұйырғын» кооперативінің бюджетке 83,7 миллион теңге берешегі толығымен өтелген.

Мұны Нұрлыбаев та, Бисембаев та соңғы сөзінде айтты. Жәбірленушінің өкілі де келтірілген зиянның толық өтелгенін айтып көрсеткен.

Сондай-ақ, сотталушылар мен қорғаушылар қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұраған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама