×

Таубаев пен Басаров ісі: бұрынғы басқарма басшысы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады

Бұл сот процесі 2021 жылдың 17 наурызында басталды

 Айнұр Асылбекқызы 26.02.2022 | 13:34
фото: Нұрлан Таубаев пен Тимур Басаров

Атырауда облыс әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен құрылыс басқармасының бұрынғы басшысы Тимур Басаровқа қатысты сот процесі аяқталуға жақын. Айыпталушылардан жауап алынды. Басаров сотта тағылған айыпты ішінара мойындайтынын жеткізді.

Еске сала кетейік, бұл сот процесі 2021 жылдың 17 наурызында басталды.

Басаров 24 ақпан күні сотта көпке дейін үндемей келгенін, бәрін ой елегінен өткізіп барып, сот талдауы нәтижесінде бар шындықты және бәрі қалай болғанын айтып беруді шешкенін айтты.

Оған дейін бірінші болып сотта Таубаев жауап берген болатын. Ол өзіне тағылған айыпты еш мойындаған жоқ.

Еске салсақ, 2020 жылы шілде айының басында Атырау облысы коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны бойынша елімізде бірінші орынға шығуына байланысты Атырау облысының әкімдігі «Теңізшевройл» ЖШС-мен бірлесіп «Игілік» әлеуметтік бағдарламасы аясында Құлсары қаласында 200 орындық жаңа аурухана кешенін салу туралы шешім қабылдады.

3 тамызда «Теңізшевройл» ЖШС өткізген тендер нәтижесі бойынша құрылыс жүргізетін ЖШС-ның бірімен 5 млрд 300 млн теңгеге келісімшарт жасасты.

Айыптау актісінде көрсетілгендей, 21 тамыз күні кешке Таубаев пен Басаров Атыраудағы мейрамханалардың бірінде директордың орынбасарымен кездесті. Бұл жолы мердігер ТШО-дан алған аванстың 7%-ын (2 млрд 650 млн теңге), бұл 185 млн 500 мың теңгені құрайды және одан әрі келісімшарттың қалған сомасының осындай үлесі туралы сөз болды. Директордың орынбасары бұл қаражатты жинауға уақыт сұрады.

Ал 2 қыркүйекте ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне өтініш жасады. Сол күні Таубаев пен Басаровтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабының 3-бөлігі, 366-бабының 4-бөлігі («Аса ірі мөлшерде пара алуға оқталу») бойынша қылмыстық іс қозғалып, жасырын тергеу әрекеттерін (тыңдау) жүргізу үшін соттың санкциясы алынды.

Бұдан әрі айыптау актісінде осыдан кейін директордың орынбасары Таубаевпен үш рет (6, 7 және 10 қыркүйекте) оның қызметтік кабинетінде кездескені айтылады – осы кездесулер барысында пара беру шарттары мен уақыты келісілген. Соңғы кездесуде кәсіпкер сол күні бұрын келісілген 185,5 млн теңге мөлшеріндегі соманы беруге дайын екені туралы Таубаевты хабардар етті. Осыдан кейін Таубаев Басаровты шақырып, оған сол ақшаны алуды тапсырды. Артынша Басаров кәсіпкерге қоңырау шалып, онымен Сәтпаев даңғылындағы өз үйінің ауласында кездесуге келісті. Көп кешікпей олар кездесіп, Басаров кәсіпкерден қара сөмкені алды, оның ішінде 424 мың доллар және 5 миллион теңге болды, оның көп бөлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметкерлер дайындаған «қуыршақ» ақша болған. Олар Басаровты сол жерде қылмыс үстінде ұстады.

Сотта Таубаев жәбірленуші - мердігер компания директорының орынбасары Айбек Тілемісовпен әңгімеде оның «жеті дайын» дегенін жеті пайыз деп емес, «жеті ИВЛ аппараты дайын» деп қабылдағанын айтты. «Жеті пайыз туралы еш әңгіме болған жоқ» деді ол.

Ал Басаров 2020 жылдың 11 қыркүйегінде өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің қызметкерлері ұстап, жауап алғанда берген жауабын толық қолдайтынын айтты. Өзін бұлай жауап беруге ешкімнің қыстап отырмағанын да жеткізді.

«2020 жылдың жазында Нұрлан Бақтыбайұлы мені кабинетіне шақырып, екеуміз оның кабинетіне қарсы мәжіліс залына бардық. Ол маған Айбек Тілемісовпен сөйлесіп, ол өзіне Құлсары қаласындағы 200 керуеттік инфекциялық аурухана бойынша ТШО келісімшарты (келісімшарт сомасының 50 пайызы - 2 млрд 650 млн теңге - авт.) бойынша оның компаниясына аударылатын сомадан 10 пайыз көлемде қаржыны беріп жіберуін тапсырды. Бас тартқан жағдайда проблемалар болады», - деді Басаров.

Кейін ол Таубаев тапсырғандай Тілемісовпен кездесіп, оның талабын жеткізгенін айтты. Тілемісов шамданған, сосын Таубаевтың өзімен кездескісі келетінін жеткізуді сұраған. Оған Таубаев келісіп, үшеуі мейрамханада кездеседі.

«Іс материалында аудиожазбамыздың стенограммасы бар, бәрі расталған. Айтпақшы, ИВЛ аппараттары туралы мүлде әңгіме болған жоқ. Ол жерде Айбек келісімшарттың 10 пайызын Нұрлан Бақтыбайұлы Таубаевқа беру туралы әңгіме болды», - деген Басаров Таубаевқа қаржының не үшін керек болғанын және ол туралы өзіне ештеңе деп айтпағынын, сонымен қатар, бұл ақшадан ештеңе уәде етпегенін айтты.   

Кейін ол өзінің пайдакүнемдік мақсатты көздемегенін, тек тапсырманы орындағанын айтты. Ол кейін Таубаев кабинетіне өзін 2020 жылы 10 қыркүйекте шақырып, облыс әкіміне бара жатқан дәліз бойында Тілемісов жеті пайыз көлемінде қаржы дайындап қойғанын, соны алып кету керектігін тапсырғанын айтты. Бұдан соң Басаров Тілемісовпен кездеседі. Ол Тілемісов үйіне өз көлігімен келгенін, оның көлігінің артқы орындығында бір қара сөмке жатқанын айтады.

«Тілемісов маған бір парақ қағазда сандарды көрсетті. Мен онда ақша жатқанын өзім де түсіндім. Бірақ, мен ол ақшаны көрмедім, санамадым да. Тілемісов сөмкеде ақша барын айтты. Мен сөмкені алдым, Тілемісов алдыңғы орындыққа ауысты. Содан соң Антикор қызметкерлері келіп, мені ұстады. Айналамды адамдар қоршап алды, камераға түсіре бастады. Айып тағып, тергеу әрекетін бастады», - деп Басаров соттағы жауабын аяқтап, судья Зарема Хамидуллинаға қарата қазір бұл жауаптарды беру оңай емес екенін, тек Таубаевке көмектескісі келгенін айтты.

Кезінде Нұрлан Бақтыбайұлы мені жұмысқа шақырған соң мен оған көмектескім келді, бірақ, мен заңсыз әрекеттермен айналысамын, заңсыз тапсырмалар орындаймын деп ойлаған жоқпын. ...Мен Айбектің алдында оған ыңғайсыздық танытқаным үшін кешірім сұрағым келеді.

Өз жауабымды толық растаймын, ешкім маған қысым көрсеткен жоқ. Басқа қосарым жоқ, өз құқымды пайдаланып, әрмен қарай сұрақтарға жауап беруден бас тартамын, - деді Басаров.

Айта кетейік, Басаров 2020 жылдың маусымында облыстық құрылыс басқармасы басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды. Ал Таубаев сол жылдың мамырында облыс әкімінің бірінші орынбасары болып тағайындалды. Басаров сотта Таубаевқа тікелей бағынышты болғанын айтқан болатын. Олар бір-бірін 2018 жылдан бері таниды екен. Ол кезде Таубаев Атырау қаласы әкімінің орынбасары болатын.

«Біздің арамызда достық әрі әріптестік қарым-қатынас орнады. Ал Тілемісовпен 2017 жылда жұмыс бабында танысқанын, онымен де достық қарым-қатынас орнады», - деді Басаров Таубаев туралы сотта.   

Таубаевтың адвокаттары сотта Басаровтың мұндай жауабын күтпегенін айтып, судьядан қорғалушымен сөйлесіп алуға уақыт беруін сұрады. 

Судья сотқа қатысушыларға сұрақтардан бас тарту айыпталушының құқы екенін түсіндіріп, хаттама үшін өзінің сауалдарын қоюға құқы барын, ал Басаров оларға жауап беру-бермеуді өзі шешетінін айтты. 

Басаровтың жауап беруден бас тартқанына қарамастан прокурор Нуржан Жангереев оған сұрақтарын қоя бастады. Ол Таубаев пен Тілемісовтың арасындағы жеті пайыз туралы әңгіменің аудиожазбасындағы дауыс өзінікі екені растайсыз ба деп сұрады. Басаров растайтынын айтты. Сосын прокурор Басаровтан 2020 жылдың 25 тамызында Тілемісовке: «Бәрін қолдаймыз, мемлекеттік сатып алу бола ма, мүмкін ТШО, NСОС арқылы өтесің бе, бәрін қолдаймыз, тек түсіністік болса болғаны» дедіңіз. Сіз бұл жерде Таубаевтың сөзіне сілтеген жоқсыз, сіз бұл жерде тек оның атынан емес, өз атыңыздан да айттыңыз ба?» деп сұрады.     

Таубаев маған көмектесіп, қолдаймыз деді, мен де біз деп Тілемісовке айттым, - деп жауап берді Басаров. 

Прокурордың тағы бірнеше сауалынан соң судья жәбірленуші Тілемісов келісімшарттың жеті пайызын ерікті түрде бергісі келді ме деген сұрағына Басаров Тілемісов шамданғанымен (возмущался), бас тартпағанын айтты: «Ол қиналып отырғанын, несиесі, проблемалары көп екенін айтты».

Таубаев осы тұста Басаровқа «антикордан» өзіне, таныс-жақындарына қысым көрсетіліп жатқандықтан солай деп жауап беріп отырғанын айтып қалды. Алайда, бұған Басаров өзіне ешкімнің қысым көрсетіп отырмағанын, шындықты айту өзінің шешімі екенін ашық білдірді.

Сосын ол Тілемісовтың жауабын толық растап, өзіне тағылған айыпты ішінара мойындайтынын жеткізді.

Таубаев сол күні түстен кейін процеске қатысудан бас тартты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама