×

Экс-министр Елжан Біртанов жаңа қызметке тағайындалды

QazMed кәсіподағы төрағасы Елжан Біртановқа үлкен үміт артып отырғанын атап өтті

 Халық үні 14.03.2023 | 13:58
Елжан Біртанов, экс-министр

Бұрынғы Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов QazMed республикалық салалық медицина қызметкерлері кәсіподағы төрағасының кеңесшісі болып тағайындалды. Бұл туралы ҚР Кәсіподақтар федерациясы медиа орталығының директоры Гүлмира Қаракөзова мәлімдеді.

13 наурызда Qazmed республикалық медицина қызметкерлері кәсіподағының төрағасы Әлиақпар Мәтішев әріптестеріне жаңа қызметкерді таныстырып, Елжан Біртановқа үлкен үміт артып отырғанын атап өткен.

Өз кезегінде Елжан Біртанов медицина мамандарының мүддесін ілгерілету үшін бар тәжірибесі мен білімін қолданатынын жеткізді.

«Кәсіподақтың рөлі маңызды. Әріптестермен бірлесіп шешетін мәселелер әлі де бар. Атап айтқанда, медицина қызметкерлерінің мәртебесі, мекемелерді кадрлармен қамтамасыз ету, жас мамандарды жұмысқа орналастыру, әлеуметтік қолдауды заңнамалық түрде айқындау. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың медицина қызметкерлеріне лайықты еңбекақы төлеуді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын іске асыруды жалғастыруымыз керек. Салалық келісімге тиісті өзгерістер енгізу қажет», - деген экс-министр.

Еске салайық, Елжан Біртанов 2020 жылдың 3 қарашасында бюджет қаражатын ысырап етті деген күдікпен қамауға алынған болатын.

2022 жылдың 28 қазанында сот шешімімен Елжан Біртанов 5 жылға, Олжас Әбішев 4 жылға бас бостандығынан шектеу жазасына кесілді.

2022 жылдың 9 қарашасында экс-министр Елжан Біртановтың адвокаттары сотқа апелляциялық шағым түсірді.

2023 жылдың 10 ақпанында Астана сотының апелляциялық алқасы экс-министр Елжан Біртанов пен оның орынбасары болған Олжас Әбішевтің ісін қайта қарап, бірінші инстанцияның судьясы Ибрагим Әлкенов шығарған үкімді өзгеріссіз қалдырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама