×

«Би үйірмесіне барамын»: 76 жастағы әже – байқау жеңімпазы (ВИДЕО)

Бұл байқау Астанада алғаш рет өткізіліп отыр

 Еркеғали Болатұлы 12.03.2023 | 16:05
фото: дереккөз

Астанада 76 жастағы зейнеткер «Супер әже-2023» байқауының жеңімпазы атанды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Байқауға барлығы 63-76 жас аралығындағы 10 әже қатысқан. Олардың арасында жоғары санатты педагогтер мен дәрігерлер, халық хорының әншілері және республикалық еріктілер қозғалысына қатысушылар да бар.

Әжелер бар өнерлері мен аспаздық қырларын көрсетіп, ұлттық билер мен вокалдық әндерді орындаған. Байқау қорытындысы бойынша Күлпаш Қалқабекова жеңіске жетіп, жеңімпаз тәжі мен 100 мың теңгелік сертификатқа ие болды.

Ұйымдастырушылар мен қатысушыларға осындай байқау үшін үлкен рахмет. Оларға жеңімпазды таңдау қиын болғаны сөсіз. Біз – бәріміз белсенді, көңілді жандармыз. Мен ансамбльде ән айтамын, би үйірмесіне барамын. Жарысқа қатысуға қолдау көрсеткен, сенім білдіріп, көмектескен отбасыма алғыс айтамын. Барлық ата-әжені үйде отырмай, белсенді болуға шақырамын, - деді Күлпаш Қалқабекова.

Шараны ұйымдастырушы Валентина Толмачеваның айтуынша, мұндай байқаулар тек әжелерге ғана емес, жастарға да қажет.

Оларға қарап, әжелердің де белсенділік таныта алатынын түсінуге болады. Бүгінгі қатысушылар – басқа зейнеткерлерге үлгі, - дейді ұйымдастырушы.

Айта кетсек, «Супер әже» байқауы Астанада алғаш рет өткізіліп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама