×

Алматыда ең сұлу полицей анықталды (ВИДЕО)

Қазылар алқасына шешім қабылдау оңай болмады

 Дәурен Ерболат 06.03.2023 | 10:59
Фото: polisia.kz

Алматыда 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай ең сұлу және дарынды полицей ару анықталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Төрт кезеңнен тұратын сұлулық байқауына 12 ару қатысты. Олардың сұлулығымен қатар, дене шынықтыру дайындығына да баға берілді.

Тергеушілер, патрульдік полицейлер, криминалистер, жедел уәкілдер, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспекторлар, жедел кезекшілер мен арнайы жасақ сарбаздары өз білімін көрсетіп, өнерін паш етті.

«Полиция аруы» атағы үшін тартыс қызу өтті. Қазылар алқасына да оңай болған жоқ. Өйткені ерлермен тең дәрежеде лайықты қызмет атқарып, қылмыспен күресіп жүрген әріптестеріміздің мүмкіндігінде шек жоқ. Мұны олар байқауда дәлелдей білді. Олар – еңбекқор қызметкер ғана емес, қамқор ана, аяулы жар, шаңырақ ошағын сақтаушы әрі сұлу, мейірімді, жанашыр жандар, - деді Алматы қаласы ПД басшысының орынбасары, қазылар алқасының төрағасы Олжас Мырзабеков.

Байқау нәтижесінде қалалық ПД Ақпараттандыру және байланыс басқармасының технигі Әсел Қажияхмет «Полиция аруы» атанды. Екінші орын Наурызбай аудандық ПБ Ювеналды полиция бөлімінің инспекторы Динара Мадрахимоваға бұйырса, үшінші орынды қалалық ПД Жедел-криминалистикалық басқармасының қызметкері Әсима Барлыбекова қанағат тұтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама