×

Ақтөбеде жолда қалған 106 шетелдік азамат эвакуацияланды

Екі автобус ауа райының нашарлауына байланысты жолда тұрып қалған

 Динара Амантай 04.03.2023 | 17:55
Фото: Ақтөбе облысы ТЖД баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында өткен тәулікте ауа райының нашарлауына байланысты қар құрсауынан 9 адам құтқарылып, 106 адам эвуакацияланды. Бұл туралы облыстық Төтенше жағдайлар департаменті хабарлады.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылып, Ақтөбе облысының 7 елді мекенінде 15 жеңіл және 366 жүк көлігі, 7 жолаушылар автобусы жолда қалған. Қазір көліктер кептелісі жоқ, жолаушылар өз бағыттары бойынша жолға шықты.

Сондай-ақ кеше 112 құтқару қызметіне «Самара-Шымкент» тас жолының 968 шақырымында жолдың жабылуына байланысты 106 жолаушысы бар 2 автобус тұрып қалып, жолаушыларды эвакуациялауға көмек қажет екені туралы ақпарат келіп түсті. Құтқарушылар 106 Өзбекстан азаматын Әйтеке би ауылының мешітіне орналастырды.

Бұған қоса Мұғалжар ауданының орталығынан 60 шақырым қашықтықта 24 жастағы жүкті келіншекті денсаулығына байланысты Қандыағаш қаласында жеткізуге көмек қажеттігі туралы ақпарат келіп түскен. Құтқарушылар әйел адамды Қандыағаш қаласының ауруханасына жеткізді.

Ақтөбе облысының ТЖ департаменті азаматтарға ауа-райының өзгеруін қадағалауға, ауа-райының нашарлауы және автожолдарда автокөлік қозғалысына шектеулер енгізу кезінде жолға шықпауға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама