×

Үкіметте Астананы қалай дамыту керектігі талқыланды

Әлихан Смайылов құрылыс компанияларына бақылауды күшейтуді тапсырды

 Дәурен Ерболат 01.03.2023 | 17:48
Фото: primeminister.kz

Үкіметте президенттің Астана қаласын одан әрі дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау жөніндегі шаралар қаралды, деп хабарлады премьер-министрдің баспасөз қызметі.

Елорда әкімі Жеңіс Қасымбек жаңа бағдарламалық құжаттарды, оның ішінде қаланы дамытудың 2035 жылға дейінгі бас жоспарын, реновациялаудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасын және көгалдандырудың бірыңғай тұжырымдамасын әзірлеу туралы баяндады.

Сондай-ақ қала әкімі жаңа тұрғын үйлерді іске қосу болжамы, үлескерлердің проблемаларын шешу жөніндегі шаралар, ЖЭО-3 және газ жылу станцияларын салу, ауыз су өндіру үшін сорғы-сүзгі станциясын іске қосу, 6 қосалқы электр станциясы мен ірі кәріз-тазарту нысанын жобалау туралы айтып берді.

Елорда әкімі автожолдарды салу және жөндеу (30 жоба), Тәуелсіздік даңғылы бойындағы Есіл өзені арқылы өтетін көпірде көлік қозғалысын іске қосу, автобус паркін жаңарту (+400 автобус), LRT жобасын іске асыру, сондай-ақ «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жаңа мектептер (24 мектеп), басқа да медициналық және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін ашу жоспарлары туралы айтты.

Үкімет басшысы Әлихан Смайылов елордада тұрғын үй құрылысының жоғары қарқынын сақтап, оларды озық инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етудің маңызын атап өтті.

Премьер-министр құрылыс компанияларының бекітілген нормалар мен жалпы заңнаманы сақтауын бақылауды күшейту қажеттігіне тоқталды. Ол Астананы көгалдандыру шараларына баса көңіл бөліп, жыл сайын ағаш отырғызу жұмыстарының қарқынын арттыру керектігін жеткізді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама