×

Мұнай-газ саласында бизнеске қойылатын 800-ге жуық артық талап қысқарады – Смайылов

Қазақстан бүгінде мұнайды ТОП-10 экспорттаушының қатарына кіреді

 Динара Амантай 01.03.2023 | 10:18
Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Отандық кәсіпкерлер кеңесінің отырысында мұнай-газ саласын дамытудың өзекті мәселелері мен жоспарлары талқыланды ,деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Отырысты ашқан Үкімет басшысы мұнай-газ өнеркәсібі ел экономикасының негізгі салаларының бірі болып қала беретінін атап өтті. Тәуелсіздік алғаннан бері елімізде мұнай мен газ конденсатын өндіру көлемі 3,5 еседен асты, яғни жыл сайын 25 миллион тоннадан 90 миллион тоннаға дейін көбейді. Мұнай экспорттаушы елдер ұйымы (OPEC мәліметтерінше, Қазақстан қазіргі таңда мұнай экспорттаушы ең үздік 10 елдің қатарына кіреді.

Елімізде мұнай-газ саласы әлемдік үрдістерге сәйкес белсенді түрде дамып келе жатыр. Ол үшін өндірістің тиімділігін арттырудан бастап, қайта өңдеу өндірістерін кеңейтуге дейін қажетті шаралар қабылданып жатыр, – деді ол.

Энергетика министрі Болат Ақшолақов баяндамасында геологиялық барлауға қосымша инвестициялар тарту үшін көмірсутектерді, оның ішінде газды барлау және өндіру жөніндегі күрделі жобалар үшін реттеушілік және фискалдық преференциялар пакетін көздейтін жақсартылған модельдік келісімшарт енгізілгенін атап өтті. 2023 жылы инвестиция көлемі 6 млрд доллар болатын осындай алғашқы келісімшартқа қол қойылды. Инвестициялық құны шамамен 2 млрд долларды құрайтын тағы бір келісімшартқа қол қою пысықталып жатыр.

Бұдан басқа, салада электрондық аукциондар өткізуді оңайлату жөніндегі шаралар қабылданды. Осы жылы кен орындарын жылдам қолданысқа беру үшін жер қойнауын пайдалану саласындағы рәсімдерді жеңілдету жұмыстары жалғасады.

Мұнай-газ химиясы өнеркәсібі мұнай-газ секторын шикізаттық бағыттан қосылған құны жоғары өнім шығаруға қайта бағдарлау шеңберінде белсенді дамып келеді. Атап айтқанда, өткен жылдың соңында қуаттылығы 500 мың тонна полипропилен өндіретін әлемдік деңгейдегі ірі мұнай-химия зауытының бірі іске қосылды. Ол республиканың ішкі қажеттілігін толығымен жабуға мүмкіндік береді. Қосымша 12 млрд доллар инвестиция сомасына полиэтилен, бутадиен және полиэтилентерефталат өндіру бойынша тағы 4 ірі жоба іске асырылып отыр.

Алдағы уақытта Энергетика министрлігі ұлттық экономиканың түрлі салаларының қажеттіліктерін мұнай-газ химия өнеркәсібінің мүмкіндіктерімен өзара байланыстыру және импортты алмастыру, жаңа өнімге стандарттарды енгізу, сондай-ақ нормативтік базаны жетілдіру жөніндегі шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.

Премьер-министр бұл қадамдардың барлығын жеке заңның әзірленуін күтпей-ақ, заңға тәуелді актілер деңгейінде қабылдау қажет екенін атап өтті.

Отырыс барысында қатысушылар салық салу, геологияны дамыту, экологиялық талаптарды сақтау, мұнай экспорты, жалпы саланың ашықтығын арттыру және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады. Әр тақырып бойынша Энергетика министрлігі, Экология министрлігі, Индустрия және басқа ведомстволардың басшылары егжей-тегжейлі түсініктемелер беріп, пікірлерін білдірді.

Премьер-министр талқылауды қорытындылай келе, мұнай-газ саласының қарқынды дамуы бүкіл экономика үшін маңызды үдеріс екенін атап өтті. Осыған байланысты ол қосымша инвестициялар тарту үшін Жақсартылған модельдік келісімшартты қолдануды жеделдету және бизнеске әкімшілік қысымды төмендету бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін жеткізді.

Жақын арада мұнай-газ саласы бойынша 800-ге жуық түрлі артық талаптарды қысқарту жоспарланып отыр. Бұл шаралар бизнес-қоғамдастықпен және «Атамекен» Ұлттық палатасымен тығыз байланыста қабылданып отыр. Үкімет бұдан әрі де осындай сындарлы негізде жұмыс істеуге дайын, – деді премьер-министр.

Қорытындылай келе, Әлихан Смайылов Энергетика министрлігіне отырыста айтылған ұсыныстарды ескеруді және мемлекет пен жеке инвесторлардың мүдделері арасындағы теңгерімді сақтай отырып, көтерілген мәселелерді шешу жолдарын табуды тапсырды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама