×

Соғыстан қашып Түркияны паналаған украиналық отбасы жер сілкінісінде қаза тапты

Әйел екі баласымен үйінді астында қалған

 Халық үні 26.02.2023 | 22:38
фото: inbusiness.kz

Украинадағы соғыстан қашып, Түркияны паналаған Юлия Петрова екі баласымен Қахраманмараштағы жер сілкінісінде қаза тапты, деп хабарлайды inbusiness сайтының Анкарадағы тілшісі. 

2022 жылы 24 ақпанда басталған Ресей-Украина соғысы Юлия Петрованың да отбасын ойран етті. Ол балалары 10 жасар Захар мен 5 жасар Матвийді алып елінен жырақтап, Түркияны паналаған. Жолдасы болса Украина Қарулы Күштерінде әскери қызметте болған. Осылайша Юлия екі баласымен Хатайдың Антакия ауданындағы туысының үйіне қоныстанды. 

6 ақпанда Қахраманмараштың Пазаржык ауданында болған 7,7 балдық жер сілкінісінде Юлия мен балалары тұрған ғимарат та қираған. Петрова екі баласымен үйінді астында қалған. Ал Юлияның жолдасы соғыс кезінде жараланып, өз елінде ем алып жатқан. Отбасынан хабар ала алмағандықтан, ол Анкарадағы Украина елшілігіне хабарласқан. Әйелі мен балаларының үйінде астында қалғанын естіген әке қайғылы хабарды Түркияға келетін күні алады. Мылтықтың дауысынан қашып, өзге елді паналаған отбасының мәйіттері 14 ақпанда үйінді астынан шығарылып, Украинаға жөнелтілді. 

«Өкінішке қарай, соғыстан қашып, Түркияны паналаған  азаматтарымыз жер сілкінісі кезінде қаза тапты. Жалпы зілзала аймағында 155 Украина азаматын іздедік. 149 адаммен байланыс орнаттық, алайда әлі 6 отандасымыздан хабар алмадық. Осы азаматтардың көпшілігі түрік мемлекетінің қолдауымен жер сілкінісі аймағында тіршілігін жалғастыруда, ал кейбіреулері эвакуацияланды. Бұл апат – бәрімізге ортақ және оны бірге жеңеміз», - деді Украинаның Анкарадағы елшісі Василий Боднар. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама