×

Қазақстанның кибер қауіпсіздігі: күн сайын миллионға жуық шабуыл жасалады

Бүгінде әлемдік киберқауіпсіздік рейтингінде Қазақстан 31-орында тұр

 Халық үні 25.02.2023 | 16:08
Фото: inbusiness.kz

Қазақстан үкіметі кибер қылмыспен күресу мақсатында бес жыл бұрын «Киберқалқан» тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды Halyq unі.

Аталған тұжырымдаманы іске асыру мерзімі екі кезеңге белгіленген. Бастапқы кезең – 2017-2018 жылдар аралығында тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Соған сәйкес, саладағы нормалар жетілдіріліп, заңнамалық түрде нығайтылды. Атап айтқанда қолданыстағы заңға «киберсақтандыру» ұғымы енгізілді. Ол компьютерлік шабуылдардың нәтижесінде деректердің жария етілуі салдарынан жеке тұлғаға келтірілген моральдық зиянды және заңды тұлғаларға келтірілген мүліктік зиянды өтеуді көздейді. Сондай-aқ ақпараттық қауіпсіздік саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлауға мән беріле басталды.

2019–2022 жылдар аралығын қамтыған екінші кезеңде отандық IT-компаниялардың ұлттық ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымды ақпараттық қауіпсіздік жүйелерімен қамтамасыз етуге негізді түрде қатысуы қамтамасыз етілді. Одан бөлек, бұл аралықта қазақстандық электрондық өнеркәсіп кәсіпорындарын мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың ел аумағындағы ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі тұрғысынан сертификаттау рәсімінен өткен және өндірілген телекоммуникациялық жабдықты сатып алуына тапсырыстармен қамтамасыз етуге мүмкіндік берілді.

Айта кетейік, еліміздің кибер қауіпсіздігіне жауапты бірден бір орган - Мемлекеттік техникалық қызметі. Ведомство күн сайын миллионға жуық кибер шабуылдарды анықтайды. Мәселен, былтыр бір айда 20 кибершабуыл тіркелді. Оны мекеме мамандары елдегі электоралды науқанмен байланыстырды. Бұған қоса соңғы жылдары банктер, интернет дүкендер мен басқа да коммерциялық ұйымдардың атынан таралатын шабуыл көбейген.

Касперский зертханасының мәліметінше, былтыр еліміздегі кибершабуылдардың ең көбі өнеркәсіптік автоматтандыру жүйелеріне жасалды. Оның ішінде мұнай-газ, энергетика мен көлік-логистикалық жүйесінде басым болған.

Бүгінде әлемдік киберқауіпсіздік рейтингінде Қазақстан 31-орында тұр. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазақстандықтардың 77,4% киберқауіпсіздік мәселелерінен хабардар. Ведомство мұны халық арасында сауалнама жүргізіп, анықтаған. Зерттеу нәтижесінде киберқауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар әзірленді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама