×

Тоқаев Алматыда сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдады

Қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа бас жоспары талқыланды

 Дастан Жұмабекұлы 23.02.2023 | 12:31
фото: ашық дереккөз

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевпен кездесті.

Кездесуде Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп берілді. Биыл қаңтар айында қаланың қысқа мерзімді экономикалық индикаторы инвестициялық және іскерлік белсенділіктің өсуі есебінен 136,7 пайызға дейін артты. Негізгі капиталға құйылған инвестиция көлемі 21,9 пайызға ұлғайды. Экономиканың даму қарқынын сауда, көлік және өңдеуші өнеркәсіп салаларындағы өсім қамтамасыз етті.

Алматының әкімі президентке қаланың 2040 жылға дейінгі жаңа Бас жоспарын әзірлеудің негізгі тәсілдері туралы айтты. Оны дайындау барысында мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 қарашада Алматы жұртшылығымен кездесуінде айтқан тапсырмалары ескерілген.

Президент қаланың сейсмикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұсынылған шаралар мен биылғы екінші жартыжылдықта сейсмоаудит жүргізу жоспарын мақұлдады. Бұл қаладағы нысандардың құжаттарын жаңартуға мүмкіндік береді.

Мемлекет басшысына қала ішінде «жасыл дәліздер» жасау үшін Дүниежүзілік банкпен бірлесе әзірленіп жатқан іс-әрекет жоспары бойынша аралық есеп берілді. Бұл бастама аясында жасыл желегі мол аумақтардың ауданын ұлғайту, соның ішінде өзен арналары мен каналдар бойын көгалдандыру жоспарланып отыр.

Президентке Алматының индустриялық аймағында автомобиль кластерін құру барысы баяндалды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қала әкіміне нақты табыстың артуын қамтамасыз етуге және қаладағы экологиялық ахуалды жақсартуға бағытталған шараларды күшейту жөнінде тапсырма берді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама