×

Сирияда үйінді астынан құтқарылған жаңа туған сәбиді туыстары асырап алды

Қызға марқұм анасының құрметіне Афраа деген ат қойылды

 Халық үні 21.02.2023 | 20:50
Фото: REUTERS

Сирияда қираған ғимарат үйіндісінің астында өмірге келген қызды өзінің туысқан әпкесі мен жездесі асырап алды, деп хабарлайды BBC News агенттігі.

Құтқарылған сәтте кіндігі кесілмеген қызды асырап алуға мыңдаған адам ниет білдірген. Зілзала салдарынан нәресте отбасы мүшелерінің ішінде жалғыз өзі аман қалған.

ДНҚ тесті әпкесінің туыс екенін дәлелдегеннен кейін нәресте ауруханадан шығарылды. Дәрігерлердің айтуынша, қазір қыздың жағдайы өте жақсы.

«Ол енді менің балаларымның бірі. Оған өз баламдай қараймын»,- деді жездесі Халил ас-Савади Ассошиэйтед Пресс агенттігіне.

Қызға марқұм анасының құрметіне Афраа деген ат қойылды. Дегенмен құтқарылғаннан кейін қызды ресми тұлғалар Ая деп атағаны хабарланған болатын.

Ол араб тілінен аударғанда «ғажайып» деген мағынаны білдіреді.

Оны құтқарған сәттегі видео Сириядағы жер сілкінісінен кейін әлеуметтік желілерде кеңінен тарап кетті.

Видеода ер адам шаң-шаң әйелді көтеріп, қиранды арасымен жүгіріп бара жатады.

Афраа құлаған ғимарат астында он сағаттан аса уақыт жатқан. Ауруханаға келген сәтте дәрігерлер оның жағдайы ауыр екенін, денесі көгеріп, тілініп кеткенін мәлімдеген.

Сәбидің отбасы тұрған үй Түркиямен шекараға жақын маңдағы Идлиб провинциясындағы Джиндайристе болған 7,8 балдық зілзаладан қираған 50 ғимараттың бірі еді.

Туыстарының бірінің айтуынша, жер сілкінгеннен кейін көп ұзамай Афрааның анасының толғағы басталған, ол қайтыс болғанға дейін босанып үлгерген.

Оның әкесі мен анасы, төрт бауыры мерт болды.

«Бұл қыз біз үшін өте қымбат, себебі оның отбасынан басқа ешкім қалмады. Ол маған, әпкесі және барлық туыстарына анасы мен әкесін еске салып тұрады», - деді Халил Reuters ақпарат агенттігіне.

Сонымен қатар ер адам Афраа екі апта ауруханада жатқан кезде оны біреулер ұрлап кете ме деп қорыққанын айтты, себебі нәрестені асырап алу туралы ұсыныс жан-жақтан түскен.

Афрааның жаңа отбасы жағдай қанша қиын болса да, қыздың өздерімен бірге тұрғанын жөн көреді. Ерлі-зайыптылардың үйі де зілзала кезінде қирады.

Қазір олар туыстарының үйінде тұрып жатыр.

Афраа жалғыз өспейді, оның кішкентай сіңілісі бар. Хала мен Халил де зілзаладан үш күн өткеннен кейін қызды болды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама