×

Шымкенттегі атысқа қатысты тың деректер шықты (ВИДЕО)

Жарақат алған күзетшіге ауруханада ота жасалып жатыр

 Халық үні 20.02.2023 | 21:45
коллаж: Halyq Uni

Шымкентте қару сататын дүкенді тонаған адам тапа-тал түсте көшеде оқ жаудырды. Оны тоқтатпақ болып тұра ұмтылған 52 жастағы күзетшіге оқ тиді. Ал қолына автомат алған күдікті полицейлердің көлігіне мініп қашып кетпекші болғанда ұсталды, деп хабарлайды КТК арнасы. 

Шымкент орталығында қаруланған адам емін-еркін көшеде жан-жағына оқ атып жүр. Куәгерлер оның қолында бірнеше қару болғанын айтады.

Қолында винчестер, қосауызды мылтық. Біреуін бір қолына ұстап алған, екіншісімен атты. Тура осы көшенің бойымен, сосын арғы бетке өтті. Жаңағы үлкен кісі, қолына мылтығын ұстап жүгіріп айқайлап жүрді. Бірекі оқ атылды. Адамға тиді ме, тимеді ме, байқамадық. Біз мына жақта жүрдік, тығылып үлгердік, оқ тиіп кете ме деп қорықтық - дейді куәгер Фараби Сыздықбеков. 

Күдікті қолындағы автоматты қару-жарақ сататын «Арсенал» дүкенінен алып шыққан. «Дүкен тоналды» деген дабылмен келген күзетшілер оны артынан қуған. Бірақ мұздай қаруланған күдікті біреуін сол жерде жаралапты. Қаскөй патрульдік полицейлердің көлігін де тартып алмақшы болыпты. Бірақ, тәртіп сақшылары жабылып жүріп ұстап үлгерді.

«Бері қарай шықты. Одан кейін қасында полицейді көріп тоқтап еді, бірекі оқ атылды. Одан кейін полицейдің көлігіне отырып алып, айдап қашпақшы болды. Одан кейін полицейлер ұстап алды, болды. Үш полицей», - дейді оқиға куәгері Жанарыс Серікбай. 

Телеарна хабарлауынша, 50 жастағы Өзбекстан азаматының мұндай қадамға неліктен барғаны белгісіз. 

Қарулы адамды патрульдік полицейлер мен «Тұран» АПБ криминалдық полициясының жедел уәкілдері ұстады. Ер адам Өзбекстан азаматы, Шымкентте жалдамалы пәтерде тұрады. Одан шолақ мылтық және ұрланған «Сайга» карабині тәркіленді. Қазір оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда.

Ал қолынан жарақат алған күзетшіге ауруханада ота жасалып жатыр. Оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді дәрігерлер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама