×

Қос азаматтығы бар 140-қа жуық адам Қазақстаннан шығарылды – ІІМ

Оларға 690 мың теңге көлемінде айыппұл салу көзделген

 Дәурен Ерболат 20.02.2023 | 11:40
Фото: arnapress.kz

Былтыр қос азаматтығы бар 140-қа жуық адам елден шығарылды. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шұғыла Тұрлыбек айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айутынша, жыл сайын Қазақстан азаматтығын алуға 20 мыңға жуық адам ниет білдіреді екен.

Тәуелсіздік жылдары 1 млн-нан аса адам Қазақстан азаматтығын алды: былтыр – 22 мың адам. Оның ішінде Қазақстан президентінің Жарлығымен – 1 375 адам, жеңілдетілген тәртіппен – 20 мыңнан аса адам бар. Оның 17,5 мыңнан астамы қандас (17 676 адам), Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей арасындағы азаматтыққа қабылдаудың жеңілдетілген тәртібі туралы келісім бойынша – 1 287 адам, тұрмысқа шыққан әйелдің азаматтығы туралы конвенция бойынша – 1 777 адам, - деді Шұғыла Тұрлыбек ІІМ-де өткен баспасөз мәслихатында.

Ішкі істер министрлігі БҰҰ БЖКБ-ның Қазақстандағы өкілдігімен және ҮЕҰ-мен бірлесіп, 2 жылда құжатсыз және азаматтығы белгісіз адамдарды анықтау және тіркеу бойынша кең ауқымды акция жүргізген.

Нәтижесінде азаматтығы мен құжаттары жоқ 8 мыңнан аса адам анықталды. Оның ішінде 5 мың адамның Қазақстан азаматтығына жататыны расталды және жеке куәліктер рәсімделді. Азаматтығы жоқ 3 мыңнан аса адамға куәлік берілді, - деді ІІМ өкілі.

Қазақстан қос азаматтықты мойындамайды. Сондықтан мұндай фактілерді анықтау бойынша жұмыс ерекше бақылауда болады.

«Заңнамада еліміздің азаматтығынан айырылған адамның ҚР азаматының паспортын немесе жеке куәлігін пайдаланғаны үшін, сондай-ақ заңнамада белгіленген мерзімде хабарламағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген.

Қос азаматтығы бар фактіні жасырғаны үшін 200 АЕК (690 мың теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) айыппұл салу не Қазақстаннан шығару көзделген. Мысалы, былтыр қос азаматтығы бар 841 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Соттың шешімімен 138 адам Қазақстаннан шығарылды, қалғандарына айыппұл салынды. Соңғы 5 жылда азаматтық туралы заңнаманы бұзған 3 515 адам жауапқа тартылды. Оның 3 мыңнан астамына айыппұл салынды, 473-і елден шығарылды. Бәрінің Қазақстан азаматтығы жойылды, - деді Шұғыла Тұрлыбек.

Биыл қос азаматтық деректерін болдырмау үшін екінші азаматтығын жасырғандарға жауапкершілікті қатаңдату үшін заңнамалық актілерге түзетулер енгізу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама