×

Қазақ-өзбек шекарасы: «Қазығұрт» пен «Атамекен» бекеттері тек жүк көліктерін өткізеді

Бүгінде 9 өткізу пункті жаңғыртылып жатыр

 Дәурен Ерболат 17.02.2023 | 17:10
Фото: ozodlik.org

Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы «Қазығұрт» және «Атамекен» автомобиль өткізу пунктері жүк көліктерін ғана өткізеді, деп хабарлады Мемлекеттік кірістер комитеті.

15 ақпаннан бастап ЕАЭО сыртқы шекарасының өткізу бекеттерін техникалық жаңғырту жұмысына байланысты қазақ-өзбек шекарасындағы «Атамекен», «Қазығұрт» өткізу пунктері арқылы тек жүк көліктері өткізіледі.

Бүгінде МКК 9 автомобиль өткізу пунктін жаңғырту және техникалық қайта жарақтандыру бойынша жұмыс жүргізіп жатыр.

Қазақ-өзбек шекарасындағы «Қазығұрт» және «Атамекен» автомобиль өткізу пунктерінде жаңғырту кезінде, жеке тұлғалардың шекараны кесіп өту кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және толыққанды бақылау үшін 15 ақпаннан бастап жеке тұлғаларды, жеңіл көліктерді, автобустар мен 3,5 тоннаға дейін жүк көтеретін көліктердің өткізілуіне уақытша тыйым салынды, - деп жазылған хабарламада.

Осы өткізу пунктері арқылы өткен жеке тұлғалар, жеңіл көліктер, автобустар мен 3,5 тоннаға дейін жүк көтеретін көліктер төмендегі өткізу пункттеріне жолданады:

  • Б. Қонысбаев (Қазақстан) – Яллама (Өзбекстан) (жеке тұлғалар, жеңіл көліктер, автобустар және 3,5 тоннаға дейін жүк көтеретін көліктер);
  • Жібек жолы (Қазақстан) – Гишт куприк (Өзбекстан) (жеке тұлғалар, жеңіл автокөліктер, автобустар);
  • Сырдария (Қазақстан) – Малик (Өзбекстан) және Целинный (Қазақстан) – Ок олтин (Өзбекстан) өткізу пункттері арқылы (жеңіл көліктер, жеке тұлғалар).

Сондықтан «Атамекен», «Қазығұрт» өткізу пунктерінде жаңғырту аяқталғанға дейін тек жүк көліктері өткізіледі. Ал жаңғырту жұмыстары жобамен 2024 жылғы төртінші тоқсанда аяқталады деп жоспарланған. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама