×

Қазақстандықтар дәретхана қағазын пайдалануды азайтқан

Өнім бір жылда 1,5 есеге қымбаттаған

 Дәурен Ерболат 15.02.2023 | 16:59
Фото: inbusiness.kz

Елімізде тұрғындар дәретхана қағазын пайдалануды азайтып жатыр, деп хабарлады Energyprom.kz.

2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда Қазақстанда 26,8 мың тонна дәретхана қағазы өндірілді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда, 23,7%-ға аз.

Өндірістің негізгі көлемі Алматы қаласына тиесілі: 86,2% немесе жылына 23,1 мың тонна. Бір жылда өндіріс көлемі 21,9% азайды.

Екінші және үшінші орындарда Қарағанды облысы (1,1 мың тонна, 20,1%-ға артқан) және Шымкент қаласы (802,9 тонна, 52,8%-ға азайған) тұр.

2022 жылғы қаңтар-қарашада отандық компаниялар дәретхана қағазына сұранысты (ішкі нарықтағы сату және экспорт) 61,2%-ға қанағаттандырды. Былтырғы көрсеткіш – 66,8%.

Импорттың үлесі – 38,8%. Қазақстанға 14,9 мың тонна өнім жеткізілді. Бұл – бір жыл бұрынғыдан 9,1% аз.

Еліміз 243,4 тонна дәретхана қағазын экспорттады. Өткен жылғы көрсеткішпен салыстығанда 16,5%-ға көп.

Ішкі нарықта өнімді сату көрсеткіші 22,6%-ға төмендеп, 38,1 мың тонна болды.

Биыл қаңтарда (өткен жылдың қаңтарымен салыстырғанда) дәретхана қағазы 51,7% қымбаттаған.

Өңірлер бойынша ең жоғары баға өсімі Астанада тіркелді: дәретхана қағазы 83% қымбаттаған.

Одан кейін тізімде Атырау (71,6% қымбаттады), Абай (69,7%) және Павлодар (68,5%) облыстары мен Алматы қаласы (67,2%) тұр.

Бағаның ең аз жылдық өсімі Қызылорда облысында тіркелді: 13%.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама