×

Биыл құтқарушылардың еңбекақысы 70 пайызға өседі – президент

 Әлеуметтік-тұрмыстық деңгейді жақсартуға бар жағдай жасалады

 Дастан Жұмабекұлы 14.02.2023 | 14:21
фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Төтенше жағдайлар министрлігі Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясының курсанттары алдында сөз сөйлеп, еліміздің амандығы мен қауіпсіздігін сақтауда құтқарушылардың мамандығы аса зор сенім мен үлкен жауапкершілікті талап ететінін, соған байланысты биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтерілетінін айтты.

Биылдан бастап құтқарушылардың еңбекақысы 10-нан 70 пайызға дейін көтеріледі. Құтқарушы болу – қиын әрі қатерлі жұмыс. Шын мәнінде, бұл – нағыз ержүрек азаматтардың кәсібі. Төтенше жағдай мамандары жұмыс барысында талай рет ерлік көрсетті. Басқа адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар аз емес. Олардың қатарында осы Академияның түлегі Асқар Забикулин де бар. «Ер есімі – ел есінде». Батырлардың ерлігі ешқашан ұмытылмауға тиіс, –  деді ол.

Осыдан кейін президент азаматтық қорғау жүйесінің үнемі жаңғыртуды қажет ететінін, бүгінде озық әлемдік тәжірибені үлгі ету, заманауи технологияларды енгізу өте маңызды шаруа болып отырғанын айтып, құтқарушыларды сапалы даярлауға ерекше назар аудару қажеттігін ескертті.

Бұл мәселеде, әрине, командирлер мен оқытушылар негізгі рөл атқарады. Осы ретте оқу жағдайы үлкен маңызға ие, –  деді мемлекет басшысы.

Одан әрі Тоқаев академияның қызметі мен жұмысына қатысты пікір білдірді.

Академия – еліміздегі кәсіби құтқарушылар даярлайтын бірден-бір оқу орны. Оны ширек ғасыр ішінде 6 мыңға жуық маман бітіріп шықты. Академия түлектері барлық облыста еңбек етіп жүр. Олар Отан алдындағы борышын адал атқарып келеді. Халқымызда «Апат айтып келмейді» деген сөз бар. Күзде еліміздің бірнеше аймағы алапат өрттен зардап шекті. Сын сағатта тұрғындарға алдымен құтқарушылар көмекке келді, –  деді Тоқаев.

Сөз соңында ол Үкімет Академияның материалдық-техникалық базасын нығайту мәселелерін пысықтап, жатақхана мен оқу корпусын салуды жоспарлап отырғанын, мемлекет еңбекақыны арттыру және құтқарушылардың әлеуметтік тұрғыда қамтамасыз етілуін жақсарту үшін жүйелі шаралар қабылданып жатқанын тілге тиек етті.

Азаматтық қорғау академиясы – төтенше жағдайлардан қорғау саласы бойынша маман даярлайтын еліміздегі жалғыз жоғары оқу орны. Соңғы уақытта 569 курсант күндізгі бөлімде, 161 курсант қашықтан оқу бөлімінде білім алып жатыр. Сондай-ақ 168 курсант шетелдік салалық жоғары оқу орындарында оқиды.

Академия жыл сайын 150-ден астам офицер даярлап шығарады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама