×

«Орындауға міндетті». Қазақстан мен Франция қылмыстық істерді бірігіп тергейді

Келісім тергеуді толық жүргізуге мүмкіндік береді

 Дәурен Ерболат 09.02.2023 | 11:37
Фото: gov.kz

Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан мен Франция арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы» заң мақұлданды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиевтің айтуынша, бүгінде Қазақстан қылмыстық құқықтық салада 34 мемлекетпен 72 екіжақты келісімді бекіткен. Оның ішінде Еуропадағы 16 елмен 35 шарт жасасқан. Олардың арасында Ұлыбритания, Испания, Италия, Монако, Венгрия және тағы басқа мемлекеттер бар.

Қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек көрсету туралы 29 шартқа қол қойылды. Жасырын жүрген адамды ұстап беру туралы 21 шарт бекітілді. Сотталған адамдарды беру туралы келісім 22 елмен жасалды. Осындай халықаралық шарттарды жасауда біз туристік экономикалық қарым-қатынас дамыған елдерге басымдық береміз, - деді Әсет Шындалиев.

Ол Қазақстан мен Францияға қылмыстық істі бірігіп тергеуге мүмкіндік беретін келісімге тоқталды.

Мұндай шарттар тараптарға бірқатар құқықтық міндетті жүктейді. Шарт күшіне енген соң тараптар бір-біріне жолдаған құқықтық көмек туралы сұрауларды орындауға міндетті болады. Орындаудан бас тартса, онда жазбаша түрде нақты жауап беруге тиіс. Сондай-ақ істі тергеуге байланысты бір елден екінші елге шақырылған куәгерлер мен сарапшыларға шақырған тарап қылмыстық қудалаудан иммунитет береді, - деді бас прокурордың орынбасары.

Әсет Шындалиев келісімнің негізгі талабына тоқталды.

«Ұсынып отырған шарт өзара құқықтық көмек көрсету негіздері мен тәртібін, оларды жүзеге асыру жолдарын, куәгер мен сарапшы, айыпталушыны шақырту, олардан жауап алу, күзетпен ұсталып отырған адамды уақытша алдыру және тағы басқа мәселелерді реттейді. Нақты айтқанда сұрау салу, заттарды тәркілеу, тінту, сараптама жүргізу, банктердегі шоттарды анықтау, куәгер және сарапшы, айыпталушыдан жауап алу, ақпарат алмасу және тағы басқа тергеу амалдарын қамтиды.

Мысалы, Францияда тінту жүргізу қажет болғанда Қазақстанның құқық қорғау органдары сұрау жолдайды. Оған тергеу соты санкция мен қаулыны қоса береді. Франция тергеу органы өзінің ұлттық заңнамасы негізінде тінту жасайды. Оның нәтижесін бізге хабарлайды. Дәл осындай тәртіппен Франциядан түскен сұрауларды Қазақстанның тергеу органдары орындайды. Оның ішінде Франция сотымен санкцияланған қаулыны біздің тергеу соты растайды. Ал тергеу әрекеттерін Қазақстан заңына сәйкес біздің тергеу органдары жүргізеді. Мұндай шарттар тергеудің толықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, - деді ол.

Дауыс беру нәтижесінде заң жобасы мақұлданды.

Бүгінде Қазақстанның Франциядағы елшілігінде және Страсбургтегі бас консулдықта Қазақстанның 629 азаматы есепте тұр. Оның 149-ы Францияда тұрақты тұруға құжаттарын рәсімдеген.

Сондай-ақ Қазақстанда 532 Франция азаматы бар: 84-нің тұруға ықтиярхаты болса, 448-і уақытша есепте тұр.

Айта кетейік, бұған дейін Бас прокуратура Франциядағы экс-банкир Мұхтар Әблязовті Қазақстанға қайтаруға қатысты пікір білдірген болатын. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама