Halyq Uni логотип
×

Түркия мен Сириядағы зілзаладан қаза тапқандар саны 4 мың адамнан асты

Мамандар мұны «ғасыр зілзаласы» деп атап отыр

 Дастан Жұмабекұлы 07.02.2023 | 09:53
Түркия мен Сириядағы зілзаладан қаза тапқандар саны 4 мың адамнан асты
фото: ашық дереккөз

Түркия мен Сирия жерлерін қамтыған өте күшті жер сілкінісі 4 365 адамның өмірін жалмады. Құрбандар саны әлі де өсе түсуде. Бұл туралы ВВС хабарлады.

Мамандар мұны «ғасыр зілзаласы» деп атап отыр.

6 ақпан күні таңертең басталған жер сілкінісі Түркия мен Сирияны дүр сілкіндірді. Алғашқы дүмпулер жергілікті уақыт бойынша 04:17-де болды. Оның ошағы Газиантеп қаласына жақын жерден бой көрсетті. Ал магнитудасы 7,7 балл болған екінші сілкініс Кахранмараш илінен көтерілді.

Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоған іле-шала мәлімдеме жасаған кезде апатта опат болғандар саны 912 еді. Кейін олардың қатары алдымен 1 300-ге, одан кейін 1 600-ге, тағы бірнеше сағаттан соң 2 300-ге, ал соңынан 4 365 адамға жетті. Жарақат алғандар саны 15 834 адам болды.

Ердоған Түркияда мұндай ірі жер сілкінісі 1939 жылдан кейін болмағанын айтты.

Түркия Ішкі істер министрі Сулейман Сойлу зілзала дүмпуі Газиантеп, Кахраманмараш, Хатай, Османие, Адыяман, Малатья, Шанлыурфа, Адана, Диярбакыр және Килис қалаларына жеткенін хабарлады. Соның ішінде Малатья илінде 140 ғимарат қирап қалған. ЮНЕСКО-ның бүкіләлемдік мұралар тізіміне кірген Газиантеп тарихи бекінісі жойылып кетті. Сондай-ақ Хатай илінде ірі газ құбыры жарылды.

Өз кезегінде Сирия Денсаулық сақтау министрі өз елінде қаза тапқандардың – 1 444, ал зардап шеккендердің 1000-нан асып кеткенін жеткізді. Бұл мемлекетте Алеппо, Латауия, Хама және Тартус провинцияларындағы инфрақұрылымдар әртүрлі деңгейде қирауға ұшыраған.

Бірқатар елдер қайғылы оқиғаға байланысты Түркияға көмек көрсету ниетін білдірді. Олардың арасында Әзербайжан, Польша, Болгария және Иран апат аймақтарына бірінші болып жетті. Space X негізін қалаушы Илон Маск төтенше жағдайлар зардаптарын жоюға атсалысуы үшін Starlink терминалын Түркияға беруді ұсынды.

Израиль де өз көмегін Сирияның зардап шеккен азаматтарына арнайды, –  деді премьер-министр Биньямин Нетаньяху.

АҚШ Түркияға кез келген жәрдемді беруге дайын екенін білдірді. Сол сияқты, Украина президенті Володимир Зеленский де осы мазмұнда мәлімдеме жасады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама