×

Түркияда үйіндінің астында қалған футболшылар құтқарылды

Жер сілкінісі болған жерлерде 50-ден аса спортшы іздестіріліп жатыр 

 Дастан Жұмабекұлы 07.02.2023 | 09:15
фото: ашық дереккөз

Түркиядағы жер сілкінісінен кейін «Хатайспор» клубының үйіндінің астында қалып қойған 3 футболшысы құтқарылды. Бұл туралы Anadoly хабарлады.

Кеше таңертең Анадолы жерінде эпицентрі Кахраманмарашта тербелісі 7,7 балл болған күшті жерасты дүмпуі болған еді.  Соның салдарынан 2 300 адам опат болып, 13 200-ден аса адам зардап шекті.

Агенттік ақпарына сәйкес, «Хатайспор» клубының 4 ойыншысы жер сілкінісі салдарынан құлаған үйлер үйіндісінің астында қалып қойған. Олардың арасындағы Бурак Оксюз, Бертуг Йылдырым мен Керим Алыджи қирандының арғы жағынан шығарылды. Бұлардың соңғысы сыртқа өз бетінше шыққан көрінеді. Сондай-ақ жаттықтырушылар штабының екі мүшесі – Экрем Экгиоглу мен Осман Атеш те үйінді астынан алынған.

Алайда жартылай қорғаушы Кристиан Атсу мен спорт директоры Танер Савуттың тағдыры әлі белгісіз. Құтқарушылар қиранды қабаттарынан оларды іздестіріп жатыр. Жалпы, жер сілкінісі болған жерлерде үйіндінің астында 50-ден аса спортшы іздестіріліп жатыр деген дерек бар. 

«Хатайспор» – Хатай илінің (облыс, провинция, - ред.) орталығы Антакия қаласының клубы. Түркия чемпионатында өнер көрсетеді. Ол қазір 21 турдан кейін 23 ұпаймен 19 клубтың арасында турнир кестесінің 14-орнында келеді.

Антакия қаласы зілзаланың алғашқы дүмпуі естілген Газиантеп қаласына өте жақын орналасқан.

Айтқандай, Түркия чемпионатында «Фенербахче» мен «Коньяспор» командаларының арасындағы матч кейінге қалдырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама