×

Ескертуді елемеген туристер жауапқа тартылуы мүмкін

Заңға түзету жыл соңына дейін енгізіледі

 Дәурен Ерболат 03.02.2023 | 16:05
фото: ОКҚ

Қазақстанда ауа райының қолайсыздығына қарамастан тауға шығып кеткен туристер жазаға тартылуы мүмкін. Бұл туралы Төтенше жағдай бірінші вице-министрі Ибрагим Күлшімбаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, таудағы туристерді іздеуге көп уақыт пен күш кетеді.

ТЖД-да туристер қайда кеткені туралы ақпарат болмайды. Оларды іздеуге көп ресурс пен уақыт кетеді. Таулы жерде, яғни төмен температурада, нөсерде және тағы басқа жағдайда адамның өміріне қауіп төнеді. Осыған байланысты біз «Туристік қызмет туралы» заңға ТЖД-ға туристердің маршруттары туралы ақпарат беру қағидасын бекіту жөнінде түзету енгізгіміз келеді. Болашақта белгілеген талаптарды сақтамаған туристерді жауапқа тартамыз. Біз заңға осындай өзгеріс енгізуді жоспарлап отырмыз, - деді Ибрагим Күлшімбаев ОСК-де өткен баспасөз мәслихатында.

Бірінші вице-министр заңға түзету жыл соңына дейін енгізілетінін атап өтті.

Қазір боранға және полицияның ескертуіне қарамастан жолға шығып кеткен жүргізушілер жауапқа тартылып жатыр. Мен бұл туралы айттым. Биыл осындай 8 жүргізушіні жауапқа тарттық. Оларға 30 АЕК (103 500 теңге, 1 АЕК – 3 450 теңге) көлемінде айыппұл салынды. Заң жобасын жылдың аяғына дейін қарастырамыз,  - деді министрдің орынбасары баспасөз мәслихатынан соң.

Алайда ол ескертуді елемеген туристерге қанша айыппұл салынатынын, олар қалай жазаға тартылатынын нақтылаған жоқ.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама