×

Мемлекет басшысы Пәкістан президентіне көңіл айту жеделхатын жолдады

Ол лаңкестік әрекеттен қаза тапқандардың отбасына қайғырып, көңіл айтты

 Дәурен Ерболат 31.01.2023 | 18:18
Фото: Saeed Ahmad / XinHua / Global Look Press

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан президенті Ариф Алви мен Премьер-министр Шахбаз Шарифке көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлады Ақорда.

Президент Пешавар қаласындағы мешітте болған лаңкестік әрекет салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны және зардап шеккені туралы суыт хабарды терең күйзеліспен қабыл алғанын айтты.

“Мен пәкістандықтармен бірге барлық дінге, адами наным-сенімге қайшы, ақылға сыйымсыз осы жантүршігерлік зорлық-зомбылық әрекетін қатаң айыптаймын. Терроризмнің кез келген түріне жол беруге және оны ақтауға болмайды.

Қазақстан халқының атынан және жеке өз атымнан қаза тапқандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілеймін. Осындай қайғылы сәтте біз Пәкістан халқымен біргеміз, – деп жазылған жеделхатта.

Айта кетейік, бұған дейін Пәкістандағы жарылысты жергілікті тәліптер жасағаны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама